Азық-түлік өнімдерін сатудың жаңа жүйесі іске қосылады

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Таяу уақытта Астана қаласында азық-түлік өнімдерін сатудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы бүгін Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін дамыту жөнінде өткен кеңесте «ҚазАгроМаркетинг» АҚ Басқармасының төрайымы Айгүл Ахметжанова мәлім етті.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, бүгінгі таңда тауар өндірушілер мен нарық арасын делдалдар байланыстырады. Ал делдалдар өнімді сауда нүктелеріне өз бағасынан 25% қымбатқа өткізеді, бұған сауда желілерінің қосатын 15%-ы тағы бар. Мұның бәрі тауардың бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді.

Астананың азық-түлік белдеуіне негізінен табиғи таза өнім шығаратын кәсіпорындар кіреді, ал табиғи тәсілмен өндірілетін өнімдер тез бұзылады. Бұл өнімдерді сақтау өте қиын, арнайы қоймалар, мұздатқыштар бөлу қажет. Сондықтан сауда желілері мен делдалдар бұл өнімдерді сатып алуға мүдделі емес. Ал халық табиғи таза өнімді талап етеді.

Осыған байланысты, «Қазагромаркетинг» АҚ жаңа тауар өткізу жүйесін құруды жоспарлап отыр. Жүйе екі бөлімнен тұрады. Біріншісі - өнімді сауда орындарына жеткізу процесін басқару. Қазір біздің компания барлық сауда желілеріндегі белгілі тауар түрлеріне талдау жүргізіп, тауар өндірушілер мен сауда желілерін біздің сервер арқылы байланыстыруға мүмкіндік беретін электрондық бағдарлама әзірлеп жатыр.

«Екіншісі - өнімді сауда желілеріне тікелей жеткізу. Қазір компания сайт жасап жатыр, ол екі-үш апта ішінде жұмыс істей бастайды. Сайтта азық-түлік тауарларын өндіретін барлық кәсіпорындардың тізімі мен өнім түрлері жазылады. Осылайша, сауда желілеріне өзіне қажетті нақты тауар өндірушіні таңдауға мүмкіндік беріледі. Сайт күн сайын жаңартылып отырады. Бұдан бөлек, «Қазагромаркетинг» АҚ Ресей Федерациясының ірі өнеркәсіп орталықтары - Омбы, Екатеринбург, Самара, Челябі қалаларына отандық өнімді экспорттау мен осы қалаларда өзіміздің логистика орталықтарымызды салу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр», - деді Айгүл Ахметжанова.