Азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын реттеу 2011 жылғы негізгі басымдықтардың бірі болады - Экономикалық даму және сауда министрлігі

None
АНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын реттеу 2011 жылғы экономикалық саясаттың негізгі басымдықтараның бірі болып табылады.

Бұл туралы бүгін Астанада Үкіметтің, Ұлтық банктің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2011 жылдағы экономикалық саясатының негізгі бағыттарын таныстыру кезінде Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«Ішкі нарықта бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу және баға тұрақтылығын реттеу 2011 жылғы экономикалық саясаттың негізгі басымдықтараның бірі болып табылады»,- деді министр. Осы орайда Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көтерме (коммуналдық) азық-түлiк базарларын және сауда инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне баға белгілеуді реттеу жұмыстары жалғастырылатын болады

«Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау, жосықсыз бәсекені анықтау мен жолын кесу, баға жөнінде мәміле жасасу, сондай-ақ нарық субъектілерінің өзінің үстем жағдайын теріс пайдалануына, алыпсатарлық бағаның өсуіне тосқауыл қою, өнім өндіруші мен түпкі тұтынушылар арасындағы аралық буындарды қысқарту жұмыстары күшейтіледі»,-деп атап өтті Ж. Айтжанова.