НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатыса отырып, соңғы бірнеше айда әлемде азық-түлік мәселесіне қатысты жағдай күрделеніп кеткенін, егер азық-түлік жеткізу желісінің бұзылуы жалғаса берсе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік даму жөнінде айта келе, қазір дүниежүзі бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды.
«Соңғы бірнеше айда әлемде азық-түлік мәселесіне қатысты жағдай күрделеніп кетті. Егер азық-түлік жеткізу желісінің бұзылуы жалғаса берсе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Бүгінде әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің төрттен үші БРИКС елдері және осы Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік өнімнің жартысынан астамын құрайды», – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына онлайн форматта қатысқанын
жазған едік.
Ербол Жанат
Журналистика саласындағы еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Kazinform ХАА-да 2014 жылдан бері тілші, шығарушы редактор болып еңбек етті. Қазіргі қызметі - шеф-редактор.