Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.
«Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляцияның деңгейі республикада 4,4 пайызды құрады. Инфляцияның негізгі үлесіне азық-түлік тауарлары ықпал етті, яғни 5,6 пайыз деңгейімен», -деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, инфляциядағы азық-түлік тауарларының үлесі маусым айында 0,7 пайыздан 0,1 пайызға дейін төмендеді. Өңірлер бойынша бағаның өсу деңгейі Астанада, БҚО-да, ОҚО, ШҚО, сондай-ақ Жамбыл облыстарында байқалып отыр. Осы аймақтарда бағаның өсімі орташа республикалық деңгейден жоғары.
«ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның мәліметі бойынша азық-түліктің негізгі түрлеріне баға шілдеде тұрақты болады. Жұмыртқа, картоп, сүт, пиязға бағаның төмендеуі байқалуда», - деді А.Күрішбаев.
Министрдің айтуынша, сәбіз, қырыққабат, сары май, сондай-ақ құс еті бағасының жоғарылауы айқындалып отыр. Осы азық-түлік тауарларына бағаның өсуі ОҚО, ШҚО, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола, Атырау облыстарында, Алматы және Астана қалаларының есебінен орын алып отыр.
Жоғарыда аталған тауарлар бағасының жоғарылауы себебіне жасалған талдауға қарағанда, баға сауда желілерінде өскен. Ал өндірушілердің бағасы сол қалпында, өзгермеген.