«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен дербестігіне бағытталған шараларды жүзеге асыруға бағытталады.

Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік қызметке кіруге, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады. Атап айтқанда, заң жобасымен азаматтарды «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Мәселен, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына алғаш рет немесе қайтадан кіріп отырған азаматтар бірқатар іріктеу сатыларынан өтеді.

«Құжат тұтастай алғанда мемлекеттік қызмет саласында ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мақсаттық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтауға бағытталады. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық пен заңсыз қамқоршылыққа қарсы қимылдарды қамтиды әрі қоғамның қажеттілігіне толық жауап береді», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке қабылдау үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асатын болады. Бұл ретте бірінші кезекте кандидаттар заңдарды білу мен құзыреттілік бойынша тестілеуден өтеді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер құндылығын ұстану бойынша комиссиялық бағалаулар болады. Үшінші кезекте мемлекеттік орган сұхбаттасу арқылы кандидаттың кәсіби білімін, біліктілігін айқындайтын болады. «Конкурстан сәтті өткендер үшін үштен алты айға дейінгі аралықта сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өте алмағандар жұмыстан босатылады», - деді Қ. Қожамжаров.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметтердің ротациясы жүзеге асырылады. Ал мемлекеттік қызметшілер басқа жерге ротация кезінде жекешелендіру құқығынсыз мемлекеттік тұрғынжаймен қамтамасыз етілетін болады.