Б.Майлыбаев Қазақстан құрамасының Лондон Олимпиадасына дайындығын өте жоғары бағалады

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасының Лондон Олимпиадасына дайындығы өте жоғары.

Бұл пікірді бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев білдірді.

«Мен алдағы Олимпиада ойындарының басталуына біздің құраманың  дайындық деңгейі жоғары екендігін атап өткім келеді. Бүл ретте, әсіресе Т.Ермегияевтің басшылығымен агенттік жүргізіп отырған идеологиялық  бағыттағы жұмыстардың жоғары деңгейін атап өткен орынды. Ар-ождан кодексінің әзірленіп, оның бекітілуі өте сәтті болған жоба деп есептеймін», - деп атап өткен Б.Майлыбаев, агенттікке және Қазақстан құрамасының мүшелеріне алдағы байрақты бәсекеде мол табыстар тілейтіндігін баса айтты.

«Менің ойымша, құрама бүгінде жоғары нәтиже көрсетуге дайын», - деді ол.

Айта кетейік, алқалы жиын барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев алдағы Лондон Олимпиадасы ойындарына ұлттық құраманың дайындығы туралы баяндап, спортшыларымыздың патриоттық сезімін арттыру мақсатында еліміздің құрама команда мүшелерінің Ар-ождан кодексі әзірленгендігін мәлім еткен еді.