Б.Мелдешов: Сайлау органдарының басты міндеті - азаматтардың өз қалауын білдіруіне қажетті барлық жағдайды жасау

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы өтетін мерзім белгіленген күннен бері еліміздің Орталық сайлау комиссиясы біраз жұмыс атқарып, алдағы саяси шараға дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізуде. Осы ретте қауырт жұмысына қарамастан ҚазАқпарат тілшісіне уақыт тауып сұхбат берген ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жайымен бөлісіп, екі сайлауды қатар өткізудің нәтижесінде республикалық бюджет қаржысы қаншалықты үнемделетіндігін айтып берді.

- Бақыт Сәрсенбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттарының сайлауы тағайындалғанына біраз уақыт өтті. Осы аралықта ҚР ОСК тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.

- Осы жылдың 20 қаңтарында Қазақстан Президентінің «5-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы жарық көрген болатын. Сол сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясы қызу жұмысқа кірісіп, ең алдымен партиялық тізім бойынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Сонымен қатар Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгіледі. Мұнан бөлек, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне халықаралық байқау институтын ашу туралы хат жолданып, ОСК Төрағасы атынан 18 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының бірінші басшыларына шақыру жіберілді. Сыртқы істер министрлігі де өз тарапынан 11 мемлекетаралық және парламентаралық халықаралық ұйымға шақыру жолдағандығын да айта кетейін.

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі сайлау рәсімдерін түсіндіру жөніндегі баспасөз конференциясын да өткізді. Халықаралық байқаушылар үшін сауалнамалардың мәтінін бекітіп, 14 наурызға дейін оларды аккредиттеу мерзімін белгіледі. Жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін мақұлдады. Толықтай алғанда, ОСК ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың Конституция мен қолданыстағы сайлау заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша қажетті іс-шараларды жүргізуде.

- Мәжіліс пен мәслихат сайлауларын қатар өткізу орын алып отырған дағдарысқа байланысты қабылданған шешім екендігі белгілі. Осы ретте Мәжіліс сайлауын дер уақытында өткізгенде бюджеттен қанша қаржы керек болар еді? Жалпы екі сайлауды қатар өткізудің арқасында қанша қаржыны үнемдей алдық?

- Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын қоса өткізу туралы шешімнің себептерін айтты. Біздің елімізге де кері әсерін тигізген әлемдік экономикалық дағдарыс мемлекеттік бюджеттің қаражатын едәуір үнемдеу мақсатында екі сайлауды қатар өткізуге басты себеп болды. Сайлау науқандарын жеке-жеке өткізген жағдайда бұл науқандарға бөлінетін бюджет қаражатының жалпы сомасы 12,8 миллиард теңгені құрайтын еді. Ал қазіргі уақытта екі сайлауды бірге өткізудің арқасында үнемдеген қаржымыз - 4,8 миллиард теңге.

Демек, қазіргі сайлау науқанының бюджеті 8 миллиард теңгені құрайды деген сөз. Әрине, бұл да қомақты қаржы. Бірақ Мәжілістің 107 депутаты, оның ішінде 98-і партиялық тізімдер бойынша және 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатынын естен шығармауымыз керек. Жергілікті өкілдік билік органдарына барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты, олардың ішінде 550-і облыстық, 625-і қалалық және 2160-ы аудандық мәслихаттарға сайланады.

- Осы сайлауда қанша халықаралық байқаушы қатысады деп жоспарлануда?

- Қазақстан, басқа да елдер сияқты, сайлауға мониторинг жүргізу үшін шетелдік байқаушыларды шақыру жөніндегі халықаралық міндеттемелерді қабылдаған.

Сайлау тағайындалған сәттен бастап, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы 2016 жылғы 21 қаңтарда 18 шет мемлекетінің орталық сайлау органдарының бірінші басшыларына, 2016 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 11 халықаралық ұйымға шақыру жолдады.

2015 жылғы ҚР Президентін сайлауда дауыс беру және сайлау учаскелерінде дауыстарды санау барысын байқауды шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері, барлығы 1024 адам жүзеге асырды. Алдағы сайлауға қатысатын байқаушылардың нақты саны олардың Ортсайлаукомда аккредиттелуі аяқталғаннан кейін, сайлау күніне бес күн қалғанда, яғни 2016 жылғы 14 наурызда белгілі болады.

- Демократиялық қағидаттарға сәйкес ашық та әділ сайлауды қамтамасыз ету үшін Ортсайлауком қандай жұмыстар жүргізуде?

- Ең алдымен Орталық сайлау комиссиясының электораттық процесті ұйымдастыру жөніндегі жұмысы демократиялық қағидаттарға негізделген Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының нормаларына қатаң сәйкестікте жүргізіледі.

Сондай-ақ сайлау процесінің барлық кезеңдерінде мониторингті жүзеге асыру, сайлау комиссияларынан сайлау мәселелері жөнінде кез-келген ақпаратты алу, сайлау комиссияларының отырыстарына қатысу, сайлау күні - учаскені ашу, дауыс беру, дауыс беруді санаудан бастап дауыс беру қорытындылары шығарылғанға дейін барлық рәсімдерді байқау құқығына ие шетелдік және отандық байқаушылардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығына ықпал етеді.

Жоғарыда баяндалғанмен қатар Орталық сайлау комиссиясы әр сайлаушы еліміздің Конституциясымен кепілдік берілген өзінің сайлау құқығын қалай, қайда және қашан іске асыра алатыны туралы барлық қажетті ақпаратты жеткізуге бар мүмкіндігін салады. Себебі сайлау органдарының басты мақсаты мен міндеті - азаматтардың өз қалауын толығымен білдіру үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету.

Орталық сайлау комиссиясы бүкіл сайлау науқаны барысында теле- және радиоарналардың эфирінде азаматтардың сайлау құқығын түсіндіретін, сайлау науқанының негізгі кезеңдерін жария ететін, дауыс беруге шақыратын ақпараттық роликтерді орналастырады. Ортсайлауком ақпараттары БАҚ басылымдарында, Интернет желісінде орналастырылады. Біздің тапсырысымыз бойынша билбордтар, баспа және полиграфиялық өнімдер әзірленді.

Ағымдағы сайлау науқаны туралы үлкен көлемдегі түрлі ақпаратты election@gov.kz сайтында және Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында біле аласыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!