деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда Ұлы Жеңістің 65-жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Халық сол бір отты жылдарды ұмытқан жоқ. Сонымен бірге, халық туған отаны мен адам өмірін қорғаған батырларын да еш уақытта естен шығарған емес. БАҚ-та жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылғы мамырдың 9-ына дейін Ұлы Отан соғысы жылдарындағы КСРО тарапынан болған адам шығындарының толық мәліметтерін нақтылауды аяқтау жоспарланып отыр. Ал бүгінгі күнгі мәліметтерге сенсек, сол соғыс жылдары құрбан болғандардың саны 26,6 млн. адамды құраса, оның ішінде соғыс құрбандары -8,8 млн.-ға тақау болыпты. Сонымен бірге, халықтың жадында Отан қорғаушылардың ерліктері, оның ішінде панфиловшылардың ержүректілігі мәңгі сақталады. Дегенмен, соңғы кездері 28-панфиловшылар ерлігіне күмән келтірушілер де табылыпты. Сондықтан да, Қазақстанда өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбиені бұдан да кеңінен сіңіру қажет деп білемін. Жастар өз батырларын танып, білуі, оларды құрметтеп өсуі тиіс», деді депутат. Сонымен бірге, И. Елекеев жастар үшін ерлік пен қайсарлықтың символы ретінде қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлын ұлықтай түсу қажеттігін алға тартты.
«Елбасының бастамасымен Б. Момышұлына Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Оның есімі Қазақстандағы мектептер мен көшелерге қойылды, елорданың көрнекті жерінде асқақ ескерткіші бой көтерді, батыр туралы көптеген кітаптар жарық көрді, фильмдер түсірілді. Биылғы қыста Мәскеудегі бір мектеп Б. Момышұлының атымен аталатын болды. Халық өз батырын сүйеді, қадірлейді. Оның есімі - біздің ұлттық мақтанышымыз, айбындылықтың нышаны. Ол шын мәніндегі халықтың қаһарманы. Сондықтан да, Б. Момышұлына еліміздің жоғары атағы «Халық қаһарманы» атағын беру заңдылық. Батыр бұндай құрметке әбден лайық», деді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, Б. Момышұлы - Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды ордендермен, медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Кеңес одағының Батыры атағы берілді.