Аталған бағдарлама аясында 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп, бекіту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ұлттық біліктілік негізінің барлық сегіз деңгейін қамтымақ. Сонымен қатар біліктіліктің ұлттық жүйесі саласында нормативтік құқықтық база мен әдіснама қайта қаралады, кәсіби стандарттарды қолдау мен жаңарту үшін автоматтандырылған ұлттық база құрылады және арнайы оқыту арқылы ұлттық сарапшылардың банкі қалыптастырылады.
«Мұнымен қоса, жоба аясында мамандықтардың бірыңғай ұлттық топтастырушысы әзірленіп, бекітілмек. Ол өз кезегінде 8 мыңнан астам мамандықты, жұмысшылар мен қызметкерлер лауазымдарын біріктіреді»,-деді вице-министр.
Б. Нұрымбетовтің айтуынша, кәсіби стандарттар негізінде 173 білім беру бағдарламалары даярланып, бекітіледі. Сондай-ақ мұнай мен газ, тау-кен, металлургия, туризм, машина жасау мен құрылыс салалары үшін тестілеу және сертификацияның арнайы бес орталығы құрылады деп күтілуде.
Белгілі болғандай, халыққа сапалы қызмет көрсетуді арттыру үшін еліміз бойынша барлық жұмыспен қамту қызметтерінің жұмыстарына талдау жасалады. Осы орайда метериалдық-техникалық базаның жағдайы бағаланбақ.
Білім беру қызметтерін жеткізушілердің метериалдық-техникалық базасын жабдықтау іске асырылады. Ол үшін ел бойынша 64 колледж іріктелінеді. Барша өңірлерде 2 мыңға жуық өндірістік шеберлер іріктелініп, оқытылады. Сонымен қатар 5 жылдың барысында оқыту курстарында жұмыссыздар, жалдамалары жұмысшылар және өнімсіз жұмыстарда қамтылған 20 мыңнан астам адамды оқыту жоспарланған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүниежүзілік банк пен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ресми түрде Қазақстандағы жұмыспен қамту нәтижелерін жақсартуды қарастыратын «Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын бастады.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, аталған жоба 2014 жылғы ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тобының Серіктестік туралы шектелмелі келісімін жүзеге асыру аясында іске асырылатын болады.
Көрсетілген келісімге сәйкес,бірқатар жобаларды халықаралық қаржылық ұйымдармен бірге іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі (100 млн.АҚШ доллары) мен республикалық бюджеттің ортақ қаржыландыруы (37 млн. АҚШдоллары) есебінен жүзеге асыру жоспарланып отырған «Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы да бар.