Б.Обама бюджет жетіспеушілігін қысқарту үшін салықты көтеруді ұсынады

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама егер салықты көтермесе, федералдық бюджетті қысқарту жоспарын қолдамайды, ал ол елдің дәулетті адамдарының қалтасына соғуы мүмкін, деп хабарлады РБК.

«Маған шығыстарды 2,4 трлн. долларға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін және сонымен қатар қарапайым азаматтарға ауырлық түсірмейтін жоспарды ұсынған жоқ», - деп мәлімдеді Ақ үйдің қожайыны.

Оның пікірінше, бюджет жетіспеушілігі бойынша мәлімделген мақсаттарға қол жеткізу үшін ең бай адамдарға салықты көтермей және әртүрлі құйтырқымен салық төлеуден жалтаратын американдық корпорациялардың заңнамаларды айналып өтетін мүмкіндіктерін жоймай мүмкін емес.

Ол сондай-ақ конгрессмендерді асықтырып, мемлекеттік займдар лимитін арттыруды келісуге шақырды. Оның көлемі қазір 14,3 трлн. долларды құрайды және үкіметпен осы жылғы мамыр айында келісілген болатын, 2 тамызға дейін бұл мәселелер шешілмесе АҚШ-та дефолт жариялануы мүмкін. Егер ондай жағдай болса, онда елдің барлық азаматтары үшін салық ауыртпашылығын арттыруға тура келеді.

Еске сала кетейік, республикашылдар мен демократтар арасында алдағы онжылдыққа бюджет жетіспеушілігін қысқарту жөніндегі шараларға байланысты шиеленіскен келіссөздер жүріп жатыр. АҚШ қаржы министрлігі займ алу лимитін 2011 жылғы 2 тамызға дейін арттыру қажеттігін әлденеше рет ескерткен болатын.