Б.Обама Ирак пен Ауғанстандағы соғысқа 130 миллиард доллар сұрап отыр
11:49, 08 Мамыр 2009
ВАШИНГТОН. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат – АҚШ Президенті Барак Обама ағымдағы жылғы қазанның 1-інде басталатын 2009-2010 қаржы жылының шығыстарына 664 миллиард доллар бөлу туралы АҚШ Конгресіне өтініш жасады.
Оның ішінде Ақ үй басшысы Ирак пен Ауғанстандағы соғысты жалғастыруға 130 миллиард доллар қаржы сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Б.Обама бірқатар әскери бағдарламаларды жою, осылайша жалпы бюджетті қысқарту қажеттілігін айтып отыр. Обаманың нақтылауынша, АҚШ Президенті үшін құны 13 миллиард долларды құрайтын жаңа тікұшақтар жасау бағдарламасы жабылады. Сондай-ақ F-22 жоюшы ұшақтары мен С-17 әскери-жүк тасымалдаушы ұшақтарының өндірістері тоқтатылып, кинетикалық әрекет ететін тосқауылшы көпзарядты жүйені жасау жобасы да жабылғалы отыр.