Б. Палымбетов тұрғын үйді арзандатуға мүмкіндік туғызатын тетіктерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Болат Палымбетов тұрғын үйді арзандатуға мүмкіндік туғызатын тетіктерді атап өтті.

«Қолжетімді баспаналар мәселесіне келсек, бұл проблеманы тек Үкіметтің бағдарламасы аясында шешеміз деуге де келмейді. Жеке құрылыстың секторын дамыту керек, барлығы осыған жұмылуы керек. Үкіметке сеніп, арзан үй аламыз деу орынсыз, ол дұрыс емес. Арзан ипотека болуы мүмкін, арзан жалға берілетін тұрғын үй болуы мүмкін, алайда арзан үй деген болмайды. Сол арзанның ішінде әрқайсысының өз тетігі болуы тиіс», - деді Болат Палымбетов.

Бұл ретте Басқарма төрағасы тұрғын үйдің бағасына әсер ететін элементтерді де атады. «Баспананың бағасына не кіреді? Оған ең бірінші салық кіреді - ол да төмен емес. Екіншіден құрылыс материалдарының бағасы, бұл да қымбат. Үшінші - жұмыс күші. Баспана бағасын төмендету үшін осы үшеуінің біреуін қатты төмендету керек? Ал қайсысын? Үшеуін де қысқарту мүмкін емес. Сондықтан да, бұның тиімді жолы ипотеканы төмендету, соған қолжетімді ету. Үйді жалға беру жүйесі осыған әсер етеді деп ойлаймыз, осы жақсы болса, ипотеканы банк өзі де түсіретін шығар деп отырмыз», - деді Б. Палымбетов.