Б.Сағынтаев әкімдіктерге сауда орындарындағы бағаны бақылауды тапсырды

Астана. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру, коммуналдық тарифтер, көктемгі су тасқынына әзірлік мәселелері бойынша селекторлық мәжіліс өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мәжілісті ашқан Б. Сағынтаев қазіргі таңда өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуін болдырмау бойынша апта сайынғы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, аталмыш мәселеге байланысты орталық мемлекеттік органдар басшылары мен облыстаржәне Астана мен Алматы қалаларының әкімдерінің есебін тыңдады.

«20 ақпандағы жағдай бойынша Бәсекелестікті қорғау агенттігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзған 49 нарық субъектісіне қатысты 14 тергеуді бастады», - деді БҚА төрағасының орынбасары Тимур Баймұқанов. Оның айтуынша, алыпсатарлық өсімге жол бермеу мақсатында агенттік ірі бизнес субъектілеріне 900-ден астам хат жіберген.

Сондай-ақ Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев тұтастай республика бойынша жанар жағармай бағасы өзгермегенін, таяу уақытта да көтеру болжанбайтынын хабарлады.

Облыс әкімдіктері бірқатар өңірлерде жекелеген тауар түрлеріне бағаны көтергендер бар екендігін айтты. Сонымен қатар, олар «азық-түлікке байланысты дүрлікпе мен тапшылық байқалмайды» деп сендірді.

Осыған байланысты Б.Сағынтаев әкімдіктерге сауда орындарында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, негізгі азық-түлік өнімдеріне және ЖЖМ-ға күнделікті баға мониторингін жүзеге асыруды тапсырды.