Б.Сағынтаев: Еңбек дауын арандатудың құқықтық жауапкершілігінің төмендігі сақталып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастары бойынша республикалық үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.

«Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдік экономикаға қарай бағыт алу ағымын және ішкі жағдайларды есепке алып, елімізде макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша сақтандыру шараларын жүзеге асыру міндетін қойды», - деді Б.Сағынтаев кеңесті аша отырып. Ол өз кезегінде, бюджеттен төленетін әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің өсірілуі ғана емес, квазимемлекеттік және жекеменшік секторлар жұмыскерлерінің еңбек ақыларының арттырылуы да қарастырылатынын атап өтті.

«Президент ірі тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар, мұнай-газ және ұлттық компаниялар басшыларына өндіріспен айналысатын жұмыскерлердің жалақысын 10 пайызға көтеру жөніндегі бастамалық сөзін арнады. Біз үш жақты комиссия ретінде Мемлекет басшысының бұл бастамасын жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді ол.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бүгінгі күнге елімізде еңбекақы бойынша қарыз өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 27 пайызға кеміп, өндірісте жазатайым жағдайға ұшырау саны азайған.

Осы орайда, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев өткен жылдың басынан бері орын алған еңбек дауының жартысына жуығы жалақыны уақытында төлемеу себебінен болғанын атап көрсетті.

«Бүгінгі күні еңбек дауларының алдын алу мен одан сақтандыру тетіктерінің ойдағыдай жетілмеуі, әлеуметтік-еңбек кикілжіңдерін арандатудың құқықтық жауапкершілігінің төмендігі проблемалары әлі де қалып отыр» ,- деп атап өтті Б.Сағынтаев.