«Шындығында да осы жылдың басынан Қазақстан әлемдік экономика өсімінің баяулауы жағдайында дамуда. Бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бағасы да, сұраныс та төмендеуде. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шаралар мен 2015-2016 жылдарға арналған Үкіметтің жедел шаралар жоспарының қабылдануының арқасында біз «минусқа» кетпедік, 10 айдағы Қазақстан экономикасының өсімі 1 пайызды құрады», - деді Б.Сағынтаев.
Вице-премьердің алға тартқан деректеріне сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалардың аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,8 пайызға өсті. Ал тау-кен секторындағы өндіріс көлемінің құлдырауына байланысты өнеркәсіп өндірісі 1,3 пайызға кемісе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 0,5 пайызды құраған. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығында, құрылыста, саудада, көлік пен байланыста та өсім байқалады.
«Газ саласында оң динамиканы атап өткім келеді. 2015 жылдың 10 айында газ өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артып, 37 млрд. текше метрі құрады. Бұған қоса, жыл соңында дейін жоспарланған газ өндіру көлемі 43,8 млрд. текше метрге тең. Газ экспортында да өсім байқалады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 10 млрд. текше метрге жетті», - деді ол.