Б.Сапарбаев ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жаңа ауруханасында болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Бердiбек Сапарбаев шетел және ғылыми орталықтарының ғалымдарымен бiрге жаңадан ашылған ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жаңа ауруханасын аралап көрдi.

Аталмыш мекеме 10 наурызда ғана есiгiн ашты. Кешенде 200 стационарлық, 8 операциялық орын, 4 емхана бар. Мұнда тәулiгiне 1000 адам ем қабылдай алады. Ауруханада жоғары бiлiктi қызметкерлер қызмет етедi. Олардың iшiнде 11 доктор, 24 ғылым кандидаты бар, қызметкерлердiң жартысынан астамы жоғары категориялы мамандар. Олардың кейбiрi шетелдiң жетекшi клиникаларында бiлiм алды.

«Аталған кешен жақында ғана Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Мұнда барлық халықаралық стандарттарға сай келетiн медициналық жабдықтар бар. Бұрын қазақстандықтар сапалы ем алу үшiн шетелге шығуға мәжбүр едi, ендi ондай қажеттiлiк жоқ. Жаңа орталық ашылғалы жаңа ауруханада тексерiлуден өтуге болады», - деп атап өттi вице-премьер.

Медициналық мекеменiң таныстырылымын ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Валерий Бенберин жасады. Қонақтар орталықтың техникалық жарақталуын және ем алудың жаңа жүйесiн көруге мүмкiндiк алды.

«Ұжымымыздың жұмысына және орталықтың жаңа ауруханасына жоғары баға бергенiңiзге рахметiмiздi айтамыз», - дедi В. Бенберин.

Айта кету керек, ауруханада әлемдiк деңгейдегi жабдықтармен қатар, заманауи диагностикалық блок және ядролық медицина бөлiмшесi бар.