Б. Тілеухан: Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи тұлғасы - Президент деген атаудан анағұрлым жоғары тұрған бейне

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елбасының тарихи тұлғасы, жалпы Президент деген атаудан анағұрлым жоғары тұрған бейне. Бұл туралы бүгін Астанада «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының  ұлт көшбасшысы мәселесіне арналған отырысында Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бүгінгі күнді ертеңгі бағамдау үшін, біз өткенге міндетті түрде қарауымыз керек. Еліміздің келешегі жайында, кезінде 90-шы жылдардың басындағы саяси болжамдарда, «Қазақстан - ол оқ-дәрі толтырылған бөшке, яғни қақтығыстардың, ұрыстардың мекені» деп айтылған болатын. Атап айтқанда, мемлекет дамып, аяғына тұрып кету тұрғысында біз үшін ең қымбаты - бейбітшілік болатын. Осы орайда бүгінде бейбітшіліктің кепілі - Елбасы екеніне біреудің күмәні бар ма? Меніңше жоқ»,  деді Б. Тілеухан.

 Жалпы ұлт көшбасшысы деген мәселені ұлттың өзі таңдауы керектігіне тоқталған депутат, «ал бұл таңдаудың шарттары бар. Алғашқысы, ұлтқа көсем, көшбасшы болатын  адам сол титулды ұлттың өкілі болуға тиіс. Екіншісі, мемлекетті құруда сол кісі бастан аяқ қатысуы керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін, мемлекеттің Конституциясын, негізгі іргетасын, жүйені қалыптастырған адам ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі, оның тарихи тұлғасы, жалпы Президент деген атаудан анағұрлым жоғары тұрған бейне», деді.