Б.Төлегенованың 7-ші халықаралық вокалшылар байқауына қатысушылардың қай ретпен өнер көрсететіні белгілі болды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Бибігүл Төлегенованың 7-ші халықаралық вокалшылар байқауына қатысушылар арасында жеребе тасталып, олардың қай ретпен өнер көрсететіні белгілі болды. Шараға Б.Төлегенованың өзі арнайы келіп қатысты.

«Ертең біздің 7-ші конкурсымыз басталады. Біз 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта біздің байқауға қатысушылар, лауреаттар ТМД-ны қоспағанда Францияда, Австрияда , жалпы бүкіл әлемде өнер көрсетуде. Біз бұл байқауымызбен, лауреаттарымызбен мақтанамыз»,- деді Б.Төлегенова.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, байқауға Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Армения, Башқұртстан, Татарстан, Литва, Ресей, Моңғолия, Болгария және Қазақстаннан 64 әнші қатысады. Төрт бөлімнен тұратын байқаудың финалдық турына тек 14 әнші ғана жолдама алады.

Байқау қазылар алқасының төрайымы КСРО-ның халық әртісі, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Бибігүл Төлегенованың өзі болады. Сондай-ақ әншілердің өнерін Литваның халық әртісі Владимирас Прудниковас, Ресейдің халық әртісі Тамара Новиченко, КСРО-ның халық әртісі Михаил Мунтиан, халықаралық байқаулардың лауреаты болгариялық Орлин Горанов, Арменияның еңбек сіңірген қайраткері Сусанна Мартиросян, париждегі Ресей музыкалық қоғамының төрағасы, Граф Шереметьев бағалайды.