Б.Жәмішев ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру басқармаларын құруды ұсынды

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру басқармаларын құру қажет.

Бүгін Үкімет отырысында еліміздің Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осындай ұсыныс жасады.

«Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі кешенді міндеттерді жүйелі түрде шешу үшін бірыңғай оператор - ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау әрі су бұру басқармаларын құру мәселелерін пысықтауды ұсынамыз», - деді Б.Жәмішев.

Оның атап өтуінше, бірыңғай оператор ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру секторын орталықтандыруды және барынша тиімді басқаруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ одан әрі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік нысанын енгізе отырып жоспарлаған кезде, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын сапалы жобалауға әрі тиісті деңгейде пайдалануға мүмкіндік береді.