Б. Жұмағұлов: 12 жылдық мектепке көшуге орай бейімделген 521 жаңа мектеп салынады

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат -12 жылдық білім беруге көшуге дайындық барысындағы айтулы жаңалық - жаңа стандарттарға бейімделген мектептер құрылысының бағдарламасының жүзеге аса бастауы.

Бұл үшін таяу жылдары 521 жаңа мектеп салу жоспарланған. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

Министр сөз арасында 12 жылдық оқытуды енгізуге дайындық жалғасып жатқанын, ол бойынша оқу-әдістемелік құралдары мен оқыту мазмұны қайта қаралып жатқанын атап өтті.

«Жалпы 12 жылдық білім беруге көшу бойынша экспериментке қазіргі кезде 104 мектеп қатысады. Оқу жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді, бастауыш сыныптар үшін 164 оқулық және 426 оқу әдістемелік кешен, негізгі мектеп үшін 34 оқулық және 82 оқу-әдістемелік кешен дайындалды», - дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі күні 12 жылдық білім беруге көшуге дайындық барысында бейімделген мектептер құрылысы іске аса бастады. Бұл үшін таяу жылдары 521 жаңа мектеп салу жоспарланған.

«Салыстыру үшін айта кетейін, мысалы Қазақстанға қарағанда тұрғын халқының саны 10 есеге көп Ресейде осы жылдары 670 мектептің құрылысы көзделуде. Осыған қарағанда біздің қарқынымыз әлдеқайда жоғары», - деді Б. Жұмағұлов.