Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Өткен жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес «Студенттік баспана» бағдарламасының жобасы әзірленді. Ол 2015 жылға қарай студенттердің 80 пайызын жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Б. Жұмағұловтың айтуынша, 2011 жылы жаңадан 2 студенттік жатақхана салынды, 5-еуі күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы үш жатақхана пайдалануға беріліп, 8 нысан күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.
«Бюджетті нақтылау бойынша тағы 7 жатақхана салуға өтінім беретін боламыз. Сонымен қатар кестені толық қарап, 2015 жылға дейін жаңа нысандарды енгізуіміз қажет», - деп нақтылады ведомство басшысы.