Б.Жұмағұлов: Бүгінгі күннің басты мақсаты - барынша тарихи әділдік орнату

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінгі күннің басты мақсаты - барынша тарихи әділдік орнату. Бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай деді.

Бұл конференцияның қоғам үшін, болашақ үшін және бүгінгі ұрпақ шындықты біліп, өткен тарихымыздан сабақ алуы үшін маңызы өте зор екендігін баса айтқан министр: «Осыдан 80 жыл бұрын Кеңес одағы халықтарының тартқан тауқыметі аз емес. Жаппай ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу зор нәубетке әкеп соқты. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Кавказ, Украина, Оңтүстік Орал тұрғындары зардап шекті. Қазақстан халқы бұрын-соңды көрмеген қиындыққа, қоныс аударуға, аштыққа ұшырады. Аштықтан Қазақстанның барлық этностары, әсіресе жергілікті халық - қазақтар зардап шекті», - деді.

Сондай-ақ ол Кеңес үкіметі кезінде тарихтың қайғылы бұл беттерін терең зерттеуге тыйым салынғандығын баса айтты. Алайда сол кездің өзінде тоталитарлық режімдегі тарихтың ақтаңдақтарын біртіндеп қалпына келтірген ғалымдардың да болғандығын атап өтіп, олардың еңбектерінің жоғары бағаланатындығын жеткізді. «Бүгінгі күннің басты мақсаты - барынша тарихи әділдік орнату. Болып кеткен оқиғаларды, тарихымызды ұмытпай, жастарға, болашақ ұрпаққа жеткізу», - деді Б.Жұмағұлов.