Б. Жұмағұлов Еуразия университетінің «Еуразия мақтанышы» медалімен марапатталды

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен 2011 жылғы 28 қаңтардағы ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиын барысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов министрді университеттің «Еуразия мақтанышы» медалімен марапаттады.

«Біздің университетке Мемлекет басшысының, Білім және ғылым министрінің қамқорлығы ерекше. Жақында ғана студенттерге арнап салынған жаңа жатақхана ашылды. Бұл да билік тарапынан жастарға, жоғары оқу орындарына деген үлкен қолдау деп білеміз. Білім және ғылым министрінің осы саланы жаңа деңгейде көтеретініне үлкен сеніммен қараймыз. Оның үстіне Б. Жұмағұловтың білім және ғылым саласына қосқан айрықша үлесі зор әлі де ондай еңбектің жандана түсетіні кәміл. Сондықтан да, университет ғалымдарының ғылыми кеңесі Б. Жұмағұловты «Еуразия мақтанышы» атты медальмен марапаттау туралы шешім шығарды», - деді Еуразия университетінің ректоры Б. Әбдірайымов.