Б.Жұмағұлов республикадағы үздік ұстаздардың тәжірибесін жариялайтын интернет-басылым ашуды ұсынды

АСТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Мұрат Жәкеев/ - «Қоғам өзінің жақсы ұстаздарын тануы керек.

Осыған байланысты «Ұстаз даңқының кітабы» деп аталатын интернет-басылым ашуды ұсынамын, онда жыл сайын республикадағы ең үздік мұғалімдер жайлы мәлімет, олардың суреттері, олардың өмірлік тәжірибелері сияқты ақпараттар енгізіліп отырады», - деп мәлім етті Астанада «Отбасы, мектеп, қоғам - игілікті болашақ үшін бірге!» республикалық педагогикалық форумы барысында ҚР Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

«Қолжетімді интернеттегі осындай кітап біздің үздік ұстаздарымыз бен педагогикалық тәжірибені насихаттаудың жаңа тетігіне айналар еді. Сіздер бұл ұсынысты құптайсыздар деп үміттенемін», - деді Б.Жұмағұлов.

Б.Жұмағұлов Қазақстанда жыл сайын «Жыл ұстазы» байқау өткізіліп отыратынын атап өтті. «Бұл өте жақсы іс және де марапатқа лайықты мұғалімдер ғана мадақталады. Алайда ол ұстаздар жайлы толық ақпаратты қазір ғаламтордың өзінен таба алмайсың. Бұл жағдайды түзету керек - қоғам өзінің ең үздік ұстаздарын тануы керек», - деп мәлім етті министр.