Б.Жұмағұлов техникалық және кәсіптік білім беру саласына мамандарды тартуға 1,6 млрд. теңге қосымша қаржы бөлуді сұрады
«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі басты жаңалық - жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс орнатылды. Енді олар Ұлттық және аймақтық кеңестерге, кәсіптік-техникалық ұйымдарды басқаруға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қатысады. Жұмыс берушілер бірлестігінің базасында біліктілікті растау орталығы құрылды. Дуалды оқыту жүйесін дамыту басталды. Қазір оған 100-ден астам кәсіпорын қатысуда», - деді министр.
Оның пайымдауынша, осы атқарылған жұмыстар мамандарға деген сұраныстың артуына және олардың жұмысқа орналасуына айтарлықтай әсер етуде.
«Ең маңызды мәселелердің бірі - техникалық және кәсіптік білім беру саласын білікті өндірістік оқыту шеберлерімен қамтамасыз ету. Қазір олардың жалақысы өндірісте жұмыс жасайтындардан әлдеқайда төмен. Сондықтан білікті мамандарды бұл салада ұстап тұру өте қиын. Осыған байланысты 1620 өндіріс мамандарын тарту үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,6 млрд. теңге бөлу туралы ұсыныс дайындадық. Осындай мақсатты ынталандыру жоғарыда аталған міндетті түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - деп түйді Б. Жұмағұлов.