Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда жаңа буын ұрпақты даярлаудың түбегейлі жаңа сапасы қажет. Бұл педагогтарды даярлайтын оқу орындарында білім беру стандарттарын қайта қарауды талап етеді. Мәселен, педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерді іріктеуді күшейту керек.
«Олардың тек дайындық деңгейін емес, кәсіби жарамдылығын (көптеген параметрлер бойынша), мұғалімдік жұмысқа келуінің себебін анықтау қажет. Ең жақсы жастарымызды осы салаға тарту үшін оларды ынталантыру керек. Біз қазір педагогикалық мамандықтарға гранттың құнын және студенттердің білім алу жағдайларын арттыру, кәсіптің мәртебесі мен педагогтың беделін көтеру, оған лайықты ебекақы төлеу мәселелерін қарастырып жатырмыз», - деді Б.Жұмағұлов.
Сондай-ақ, ведомство басшысы атап көрсеткендей, педагогикалық ЖОО-лардың ұсынысы мен еңбек нарығының сұранысына талдау жасау қажет.
«Бұл мәселеде әзірге үлкен дисбаланс бар. Жыл сайын педагогикалық мамандықтар бойынша барлығы 34 мың жас ұстаз түлеп шығады. Олардың тек 30 пайызы ғана мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады, оның өзінде 2-3 жыл болмай өзге салаға кетеді. Қалғандары педагогикадан тыс салаларда қызмет атқарады. Мұндай жағдайға орын берілмеуі тиіс. Бұл педагогикалық ЖОО-лар жұмысының тиімділігін бірден төмендетеді. Біз бұл жағдайды өзгертетін боламыз, тіпті, педагогтарды даярлайтын ЖОО-лардың санын қысқартуға бармыз», - деді ол.
Еске салсақ, биыл ҚР БҒМ мұғалімдерді ақылы және гранттық негізде даярлап келген 89 ЖОО-ның санын 43-ке қысқартты. Қалған ЖОО-лардың өзін министрліктің жаңа талаптарын орындау бойынша қайта сынақтан өткізуді көздеп отыр.