БАӘ 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктерінің Министрлер кабинеті әлеуметтік желілерге кірудің ең төменгі жасын 15 жас деңгейінде белгіленген қаулы қабылдады, деп хабарлайды WAM .

Фото: WAM

Жаңа ережелерге сәйкес, 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде жеке аккаунттар құруға, пайдалануға немесе басқаруға, сондай-ақ контент жариялау, пікір білдіру, хабарлама жіберу және қоғамдық топтар мен арналарға қатысу сияқты негізгі функцияларын пайдалануға тыйым салынады.

15 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге тек күшейтілген қауіпсіздік шаралары қолданылған жағдайда ғана кіруге рұқсат етіледі. Оларға контентті жас ерекшеліктеріне сәйкес сүзу, белгісіз пайдаланушылармен байланысқа шектеу салу, платформаларды пайдалану уақытына негізделген бақылау және ата-ана бақылауының құралдары кіреді. 

Қаулы әлеуметтік платформалардан жасты растаудың сенімді тетіктерін енгізуді талап етеді.
Жасты өз бетінше көрсету енді жеткілікті растау деп саналмайды. Тексеру үшін сандық сәйкестендіру, жасанды интеллект негізіндегі биометриялық технологиялар және Балалардың сандық қауіпсіздігі кеңесі бекіткен басқа құралдар пайдаланылуы мүмкін.

Бұдан басұа, платформалар 15 жасқа толмаған балалардың белгіленген шектеулерді бұза отырып құрған аккаунттарын анықтауы және бұғаттау керек. Бұл ретте ата-ананың келісімі пайдаланушыларды жаңа ережелерді сақтаудан босатпайды.

Әлеуметтік платформаларға өз қызметтерін жаңа талаптарға сәйкестендіру үшін 12 айлық өтпелі кезең ұсынылды. Ел билігі бұл бастаманы платформа қауіпсіздігін, есеп берушілікті және отбасылық құқықтарды қорғауды біріктіретін балаларды цифрлық қорғаудың жаңа моделінің бөлігі ретінде сипаттайды. 

БАӘ билігі құжаттың қабылдануын балалар үшін сандық тәуекелдердің артуына, соның ішінде орынсыз контентке қол жеткізуге, қауіпсіз емес онлайн өзара әрекеттесуге, жеке деректерді жинауға және әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалануға жауап ретінде атады. Олардың айтуынша, жаңа ережелер кәмелетке толмағандарды цифрлық қорғау саласындағы жаһандық үрдістерге сәйкес келеді және балалар үшін қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған.

Осыған дейін Ұлыбритания 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салатынын жаздық.