Жобаны Абу-Дабидің озық технологияларды зерттеу кеңесіне (ATRC) қарасты Технологиялық инновациялар институты (TII) жүзеге асырып жатыр.
WAM агенттігінің мәліметінше, институт озық ғарыш технологияларын әзірлеуді, арнайы сынақ кешендерін құруды және жергілікті ғалымдар мен инженерлерді даярлауды қамтитын зерттеу инфрақұрылымын қалыптастырып жатыр.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — ғарыш зондын жасау. Аппаратты Абу-Дабиде БАӘ Ғарыш агенттігі және ғылыми-технологиялық серіктестермен бірлесіп жобалау, құрастыру және сынақтан өткізу көзделген.
Зонд астероидтар белдеуіне бағыт алатын MBR Explorer ғарыш кемесінің бортына орналастырылады.
Ғарыш кемесі 269 Юстиция астероидына жеткеннен кейін зонд негізгі аппараттан бөлініп, аспан денесін жақын қашықтықтан бақылап, оның беткі қабатын суретке түсіреді.
Миссияның басты нысанасы — Юстиция астероиды. Оның ерекше қызыл түсі Марс пен Юпитер орбиталарының арғы жағында жиі кездесетін материалдардың бар екенін аңғартады. Егер астероид Күн жүйесінің сыртқы аймақтарынан келген болса, онда ол жүйенің бастапқы даму кезеңі мен судың пайда болу тарихына қатысты маңызды деректерді сақтауы мүмкін.
Зерттеу нәтижесінде ғалымдар астероидтың қасиеттері мен құрамын да анықтауға мүмкіндік алады. Бұл туралы TII институтының бас ғылыми қызметкері Элиас Цутсанис мәлімдеді.
Зонд екі камерамен жабдықталған. Оның тежеу жүйесі қарастырылмағандықтан, аппарат Юстиция астероидымен соқтығысады. Соқтығыс салдарынан шағын кратер пайда болып, ғалымдар астероидтың беткі қабатының астындағы құрылымды зерттей алады.
Миссияның тағы бір маңызды бөлігі — электр қозғалтқыш жүйесі. Ол ғарыш аппаратының бірнеше жылға созылатын сапары кезінде қажетті тарту күшін қамтамасыз етеді. Бұл технология отынды тиімді жұмсауға және ұшу бағытын дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру БАӘ-нің ғарышты игеру саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, елдің халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуын нығайтады деп жоспарланған.
Айта кетейік, қызылордалық оқушы көзге көрінер-көрінбес астероидтарды анықтайтын ЖИ жүйесін ойлап тапты.