БАӘ билігі тұрғындарды велосипедке отырғызбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі қалаларда велосипедті негізгі көлік құралы етпек, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жоспарында жүздеген шақырым велосипед жолдарын, олардың тұрақтары мен мамандандырылған прокат бекеттерін, сондай-ақ сервис-орталықтарын салуды көздейді.

Gulf News газетінің хабарлауынша, он жылдан кейін БАӘ тұрғындары мен қонақтары өздерінің машиналарын тұрақтарға қойып, қала ішінде велосипедпен ғана жүретін болады.

Газеттің мәліметтеріне қарағанда, велосипедшілер үшін басты проблема олардың қозғалысы үшін арнайы жолдардың болмауы. Сондықтан да жергілікті өкімет орындары ірі қалаларды аудандарға бөліп, әрқайсысында велосипед инфрақұрылымын жасақтауды қолға алды. Олар бара-бара бір-бірімен қосылып, ірі қоғамдық көлік тораптарына шығатын болады.

Велосипед мәдениетін дамытуда бұрынғыша Дубай қаласы көш бастап отыр, деп жазады Gulf News. Қалада қазірдің өзінде екідөңгелекті көлік үшін 100 шақырымдық жол пайдалануға берілді. 2030 жылға дейін олардың ұзындығы 850 шақырымға жетпекші. Сонымен қатар, метро стансаларына дейін велосипед үшін 1400 арнайы жол тартылады. Әрбір осындай көлік торабы мамандандырылған тұрақтармен жабдықталады.

Басылым сарапшылары әмірлік тұрғындарының велосипедке зейіні аууының бұрын-соңды болмаған өсімін бұл көлікті демалыс түрі ретінде қарастыратынын да атап өткен. Мемлекет тұрғындардың салауатты өмір салтына ұмтылысын ынталандыра отырып, инфрақұрылым құруға миллардтаған доллар инвестиция салуға әзір. Билік орындары ведосипедтің демалыс түрі болуымен қатар болашақта оның кеңінен тараған қозғалыс құралы болатынына үмітті. Сонымен бірге бұл қалалық көлік инфрақұрылымын жеңілдетіп, елдегі экологиялық жағдайды жақсарта түсуге де септігін тигізетін болады.