Еуропалық Copernicus спутниктік жүйесі 24 қазанда түсірген суреттер соңғы бірнеше күнде мұнай дағының аумағы ұлғайғанын көрсеткен. Ластану БАӘ-нің солтүстігіндегі Умм-әл-Қайуайн әмірлігінің жағалауына жақындаған. Суреттерден теңіз беті мен жағалау бойына таралған мұнайдың қара жолақтарын көруге болады.
Жағдайдың нашарлауына байланысты Рас-әл-Хайма әмірлігінің билігі 24 қазанда барлық жағажайды қосымша хабарламаға дейін жабу туралы шешім қабылдады. Шектеу тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ластанудың ықтимал зардаптарының алдын алу мақсатында енгізілген.
Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің Су ресурстарын зерттеу орталығының директоры, инженерия профессоры Нидаль Хилал мұнайдың төгілуін күрделі экологиялық мәселе деп бағалады. Оның айтуынша, мамандар ластану ауқымы мен мұнайдың таралу бағытын анықтап жатқан кезде жағажайларды уақытша жабу — орынды сақтық шарасы.
Бұған дейін БАӘ билігі ел жағалауындағы мұнай төгіндісін оқшаулау жұмыстарын бастағаны хабарланған еді. Умм-әл-Қайуайн мен Шарджа әмірліктеріндегі жағажайлар уақытша жабылып, балықшыларға ластанған аумақтарға бармау туралы ескерту жасалған.