БАӘ-ден экстрадицияланған ирландиялық есірткі бароны сотқа жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Ирландиядағы ірі трансұлттық қылмыстық топтардың бірінің болжамды басшысы Дэниел Кинахан Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланғаннан кейін Дублинде сот алдына келді, деп хабарлайды Al Jazeera .

Фото: Pexels

49 жастағы Кинаханға ұйымдасқан қылмыстық топты басқару, кісі өлтіру және есірткінің заңсыз айналымына қатысу бойынша айып тағылды.

Ол жексенбі күні Ирландия үкіметінің ұшағымен Дубайдан жеткізілді. Кинахан БАӘ-де шамамен он жыл тұрған және сәуір айында Ирландия билігінің ордері бойынша ұсталған. Оны сотқа жеткізу кезінде қарулы полиция мен басқа да қауіпсіздік қызметтері жұмылдырылды.

Сотта Кинахан өзіне тағылған айыптарды түсінетінін мәлімдеді. Ол қамауда қалдырылып, кейін Портлаойз қатаң режимдегі түрмесіне ауыстырылды. Келесі сот отырысы 5 қазанға белгіленді.

Экстрадиция Дубай Кассациялық сотының түпкілікті шешімінен кейін БАӘ мен Ирландия арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылды.

2022 жылы АҚШ билігі Кинаханды Kinahan қылмыстық тобының үш жетекшісінің бірі деп атады. Топ есірткі және қару-жарақ саудасы, ақшаны жылыстату мен кісі өлтіру қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінген.

АҚШ Кинахан мен оның отбасының бірнеше мүшесіне санкция енгізіп, оларды ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 5 млн доллар сыйақы жариялаған.

Ирландия полициясының бағалауынша, Kinahan тобының активтері 1 млрд еуродан асады. Дэниел Кинахан бұған дейін өзінің қылмыстық топ басшысы екенін жоққа шығарған.

Айта кетейік, АҚШ мексикалық есірткі картелінің жетекшісі туралы ақпарат үшін 25 млн доллар сыйақы ұсынды.