БАӘ инвесторлары елдің қай қалаларында 1 млрд долларға 20 мектеп салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құны 1 млрд доллар болатын 20 инклюзивті мектеп салу жоспарланып отыр. Білім беру ұйымдары еліміздің облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бой көтермек. KGIR-2026 форумында инвесторлардың жоспары туралы шейх Халид Әл Муалла мәлімдеді.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мен DSKZ & KAMC ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі IX дөңгелек үстелінде қол қойылды.

Шейх Халид Әл Муалла — DSKZ International Investment LLC компаниясының акционері. Абу-Дабиде бас кеңсесі орналасқан инвестициялық компания DSKZ Group халықаралық тобына кіреді.

— Біз Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Мысырдан келген компаниялар тобын таныстырамыз. Қазақстан үкіметімен бірлесіп инвестиция салу үшін келдік, — деді шейх.

Оның айтуынша, жоба аясында Қазақстанның 17 облысының әрқайсысында және республикалық маңызы бар үш қалада бір-бір мектептен салу көзделген. Бұл білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, барлық бала оқи алады.

— Бүгін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Құжат еліміздің әр өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 20 инклюзивті мектеп салуды көздейді. Бұл мектептер барлық балаға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған. Әр бала сапалы білім алуға лайық. Ерекше қажеттіліктері бар балалар да тең мүмкіндікке ие болуы керек. Біз үшін бұл — қасиетті миссия. Балаларға көмектесу — ең жақсы инвестиция, — деді шейх.

Әзірше мектептер салынатын нақты орындар, жобаны іске асыру мерзімі және оқушы орындарының саны жарияланған жоқ.

Халықаралық топ әлеуметтік жобалардан бөлек, Қазақстанда өнеркәсіп саласын да дамытуды жоспарлап отыр. Инвестор өкілдерінің мәліметінше, топ химия өнеркәсібінде жұмыс істейді және БАӘ мен Сауд Арабиясында қызметін жүзеге асырады. Компания Қазақстанда да филиал ашуды көздеп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) іс-шарасына қатысқан еді. Іс-шара аясында жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын құжаттарға қол қойылғанын хабарлағанбыз.