БАӘ Иран азаматтарының кіруіне және транзитіне тыйым салды

Фото: armenpress

АСТАНА.KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі Emirates әуе компаниясы Иран азаматтарына бірқатар шектеулер қойды.

Әуе компаниясы өз веб-сайтында БАӘ-ге кіруге және транзитпен жүруге тыйым салынғанын жариялады.

Бұл шешім барлық Иран азаматтарына, соның ішінде БАӘ-інде тұру визасы барларға да қатысты. Бұл жолаушыларға Дубай халықаралық әуежайына кіруге немесе транзитпен жүруге тыйым салынады.

Бірнеше ақпарат құралдарының хабарламаларына сәйкес, БАӘ-нің басқа әуе компаниялары — Flydubai және Etihad та Иран азаматтары үшін шектеу енгізгенін жариялады.

Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, Flydubai БАӘ арқылы транзитпен жүруге рұқсат етілген Golden Visa иелеріне бұл шектеулердің қолданылмайтынын атап өтті.

Бұған дейін Air Astana компаниясы Дубайға рейстердің тоқтатылуын сәуір айының соңына дейін ұзартқаны хабарланған болатын.