БАӘ Иранның әуеден шабуыл жасағанын хабарлады

АСТАНА. KAZINFORM – Араб елдері шабуылдарды айыптады, ал Еуроодақ, Ұлыбритания және Канада Иранды келіссөзге оралуға шақырды, деп хабарлайды Al Jazeera.

Фото: ТАСС

Біріккен Араб Әмірліктері Иранды елге зымыран және дрондармен шабуыл жасады, шығыстағы Фуджейра әмірлігіндегі мұнай өңдеу зауытын өртеді және Үндістанның үш азаматын жарақаттады деп айыптады.

Дүйсенбідегі шабуылдар Иран мен АҚШ 8 сәуірде атысты тоқтату туралы келісімге келгеннен бері БАӘ-ге жасалған алғашқы шабуыл болды.

БАӘ Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, әуе қорғаныс жүйелері күндіз Ираннан ұшырылған 12 баллистикалық зымыран, үш қанатты зымыран және төрт дронға тойтарыс берді.

Мәлімдемеде сондай-ақ БАӘ кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға толық дайын екені және елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған кез келген нәрсеге батыл қарсы тұратыны айтылған.

Тегеран қатысы барын жоққа шығарды

Алайда Иран БАӘ-нің айыптауларын жоққа шығарды.

IRIB мемлекеттік телекомпаниясы әскери дереккөзге сілтеме жасай отырып Иранның «мұнай нысандарына алдын ала жоспарланған шабуылы болмағанын» хабарлады. Дереккөз бұл оқиғаны «Ормуз бұғазының тыйым салынған су жолдары арқылы кемелердің заңсыз транзитіне жол ашуға бағытталған АҚШ әскери авантюризмімен» байланыстырды.

Бұл оқиғалар АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ пен Израильдің 28 ақпанда Иранға қарсы соғысы басталғаннан бері негізінен жабық болған Ормуз бұғазы арқылы тұрып қалған танкерлерді алып жүру үшін жаңа операция бастағаннан кейін болды.

Иранның Біріккен әскери қолбасшылығы сауда кемелерін АҚШ ұсынысын қабылдамау туралы ескертіп, америкалық күштердің «Ормуз бұғазына жақындап, оған кіруге тырысқан жағдайда шабуылға ұшырайтынын» мәлімдеді.

Халықаралық реакция

Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт, Бахрейн және Иордания шабуылдарды айыптап, оларды «аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретін қауіпті эскалация» деп санайтынын атап өтті.

Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен шабуылдарды айыптап, БАӘ президенті мен халқымен толық ниеттестігін білдірді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де шабуылдарды айыптап, Иранды одан әрі ушығудың алдын алу үшін келіссөз жүргізуге шақырды.

- Біз БАӘ-мен ынтымақтастықтамыз және Парсы шығанағындағы серіктестеріміздің қорғанысын қолдауды жалғастырамыз. Бұл шиеленісті тоқтату керек. Иран Таяу Шығыстағы атысты тоқтату режимінің сақталуын және ұзақ мерзімді дипломатиялық шешімге қол жеткізілуін қамтамасыз ету үшін келіссөзге белсенді түрде қатысуы керек, - деді ол.

Мұнай нарығы

Дүйсенбіде әлемдік мұнай бағасының негізгі эталоны – Brent мұнайының бағасы Ормуз бұғазы айналасындағы шиеленістің күрт ушығуы аясында шамамен 6 пайызға өсіп, барреліне 114,44 долларға жетті.

Сейсенбі күні таңертең Brent мұнайының фьючерстері аздап төмендеп, 113,54 доллар деңгейінде саудаланды.

- Мұнай инфрақұрылымына одан әрі зиян келу қаупі және Ормуз бұғазының Трамп әкімшілігі белгілеген мерзімнен тыс жабылу мүмкіндігін ескере отырып, нарық мұнай бағасын тым жоғарылатып отыр, - деп мәлімдеді Sparta компаниясының мұнай нарығын аға талдаушысы Джун Го.

Еске салсақ, өткен аптада БАӘ Азаматтық авиациясының бас басқармасы Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе кеңістігінде аэронавигацияның толық қалпына келтірілгенін және уақытша сақтық шараларының жойылғанын жариялады.