БАӘ мен Канада сыртқы істер министрлері Иранға «5+1» келіссөздеріне маңыз беруді арттыруға үндеді

ӘБУ-ДӘБИ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Әбу-Дәбиде Біріккен Араб Әмірлігінің сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Зайд Аль Нахайян мен Канаданың сыртқы істер министрі Джон Бэйрдің кездесуі өтті, деп хабарлады меншікті тілшіміз.

Кездесу барысында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары БАӘ мен Канаданың өзара қызығушылығын ескере отырып, стратегиялық әріптестікті нығайту болашағын әңгіме өзегіне айналдырды.

Бұдан бөлек, тараптар Таяу Шығыста тұрақтылықты ұстап тұру үшін шараларды қабылдау қажеттігі жайында мәлімдеме жасады. «Біз Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа артып келе жатқан қауіп туғызып отырған, өңірде өктемдік күшінің басым болуына байланысты алаңдаушылыққа қосыламыз», - делінген мәлімдемеде.

«Біз ядролық қаруды таратуға қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуге әзірміз және Иран елін оның ядролық бағдарламасына байланысты проблемаларды шешуге үндейміз. Иран тарапын халықаралық қауымдастықпен, атап айтқанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен толық көлемде ынтымақтасуға, сондай-ақ «5 1» үлгісіндегі келіссөздерге маңыз беруге шақырамыз»,- деп атап көрсетілген таратылған хабарламада.

Еске салайық, 5-6 сәуір күндері Алматы қаласында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің кезекті раунды өтеді. Келіссөздер үрдісіне БҰҰ-ға мүше тұрақты бес мемлекет (Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания), сондай-ақ Иран Ислам Республикасының және ЕО мемлекеттерінің өкілдері қатысады.