БАӘ шейхы Фьюриге жекеменшік яхтада Кличкомен қарымта айқас өткізуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есімі аталмаған БАӘ-дегі миллиардер шейх британдық боксшы Тайсон Фьюриге украиналық Владимир Кличкоға қарсы қарымта жекпе-жегін өзінің яхтасында өткізуді ұсынды.

Бұл туралы The Daily Mirror жазады.

Бірақ британдық бұл ұсынысты қабылдамады. Оның айтуынша, мұндй айқасты дәулетті жүз адам емес, бүкіл әлем көруі тиіс.

Шейхтің кемесі 120 адамды сыйдыра алады. Ол әрбір билет үшін миллион доллардан пайда тапқысы келген.

Қаңтарда Тайсон Фьюри мен украиналық Владимир Кличконың арасындағы қарымта кездесудің өткізілетін күні аталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол 2016 жылдың 7 мамырында болуы тиіс. Өткізілуі мүмкін орын ретінде Мюнхендегі «Альянц Арена» аталып отыр.

28 қарашада Дюссельдорфта Фьюри төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Кличконы сүріндіріп, одан IBF, IBO, WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы титулдарын, және WBA нұсқасы бойынша ауыр салмақтағы чемпион титулын тартып алған еді.