«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
* * * Баяғы өткен заманда Ақсу өзенінің жағасын үш басты айдаһар мекен етіпті. Ол маңайындағы ел-жұртқа тыныштық бермей талабы бойынша күніне үш қой, екі қыз, екі жігітті жеп отырыпты. Сол елде бір жалғызбасты кемпір жалғыз қызымен өмір сүріп жатқан екен. Қыздардың бәрі таусылып, кезек жаңағы кемпірдің қызына келіпті. Жұрт жиналып үш қойды, қызды айдаһарға апара жатады. Енді бір жігітті қайдан табамыз деп келе жатқанда жабағыға мінген бір жас бозбала қарсы жолығады. Мән-жайды түсінген жаңағы жігіт қызға: -Үш қойды сойып, сен айдаһарға бара бер, мен де көп ұзамай артыңнан жетермін,-дейді. Айдаһар үш қойды жеп болып, енді қызды жұтуға оқтала бергенде жүгіре басып жеткен жігіт қолындағы қылышымен айдаһардың ішіне еніп кетеді. Сөйтіп, жүрегін жарып, айдаһарды да өлтіреді, өзі де өледі. Жиналған жұрт қараса жаңағы өлген жігіттің жабағысы өзеннің жиегінде жайылып жүр екен. Ерлік көрсеткен жігітті еске сақтау үшін, көпшілік сол жерді «Ақсу-Жабағылы» деп атаған екен.