БАБАЛАР СӨЗІ: «Аңырақай» атауы қалай шықты?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Қалмақ шапқыншыларынан әбден қалжыраған қалың қазақ елі бас қосып бірігіп соққы бермек болды. Ел ішіндегі бас көтерер батырлары жігіт жинап, жасақ құрады. Қарақұрым әскерлер Бөгенбай, Қабанбай тәрізді батырлардың басшылығымен жау жасақтарына қарай жол тартады.

Арада көп күндер өткенде екі жақтың әскерлері де түйісіпті дейді. Қалмақ жағынан шыққан батырға біраз уақытқа дейін төтеп берер адам табылмай, қазақ батырлары ақылдасуға кіріседі. Сол сәтте ортаға ат ойнатып шыққан, бұғанасы толық беки қоймаған бір жас бозбала жаудың батырымен айқаса кетеді. Көзді ашып- жұмғанша-ақ қалмақ батырын аттан түсіріп басын найзаға шанышқан күйінде «Абылайлап!» ұран салып жауға қарсы ша­бады. Соңынан қалың әскер ілесіп, кескілескен ұрыс басталып кетеді. Әруақтанған қазақ әскерлерінің күші басым түсіп, жау жағы батырларынан да, басшыларынан да айырылып, тоз-тоз болып аңырай қашады. Содан бастап осы шайқас болған жерді халық «Аңырақай» деп атап кеткен екен.