БАБАЛАР СӨЗІ: Асан қайғының айтқандары

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Асан қайғы желмаясына мініп, «Жерұйықты» іздейді. Жолда көрген жерлеріне ат қойып отырған.

Асан қайғы Ұлытауда қайтыс болғанымен, оның желмаясының шөккен және жерленген жері - Қарауылтөбе, казіргі Жаңаарқа ауданы. Бұл аудан ертеректе «Асан қайғы» ауданы аталған. Төбенің жартысы қазылып кеткен. Қазір орны бар ма, жоқ па, белгісіз.Қарауылтөбе кейіннен ат жарыстыратын ипподромға айналды.

Асан қайғы Сарыарқаның Мыңадыр деген жеріне жеткенде, алдына қарап, көп адырларды көріп, «Мыңадыр» атапты. Сондай-ақ алдында қарсы тұрған адырға қарап, көзін тігіп: «Мынау бір «Қарсыадыр» екен» депті. Оның жазығында тұрған үш тауды көріп: «Ойпыр-ай! Мынау бір құрты мен майы шашылған жайлы жер екен-ау», - деп таңырқап, оған ат қойыпты. Ол үш тауды «Қотыр», «Құртмай», «Шашты» деп атап кеткен. Осы таудың бөктерінде тоғыз ауыл Тама Нұрша болыстың, Әйменнің ұрпақтары қоныстанады. Нұрша-Қылыш әулиенің ұрпағы, Әймен-Нұршаның баласы.

Бүгінгі «Жеңіс» елді мекені ертеде «Түгі өскен» деп аталған. Бұл атауды да Асан қайғы қойған деген аңыз бар. «Түгіскен» деп аталатын жер, су аты Сыр бойында, Жиделі-Байсын жерінде де бар екен. Бірақ «Түгіскен» деген жер оба, төбешік деген мағынаны береді. Түгіскен елді мекенінің іргесінде Құлмырза төбешігі бар. Сол төбешікте Арап батырдың денесі жатыр. Тама Арап батыр деп жазып жүрген осы Арап болады.

Асан қайғының айтқандары

Асан ата Көкшетау деген жерді көріп айтқан екен:

- «Күні жауын, түні ыстық, жер сорлысы мұнда екен. Қатыны семіз, байы арық, ер сорлысы мұнда екен» депті.

Бұлай дегені: орманды жер екен. Күндіз-түнде тыныш-тыным жоқ. Ағаш шабу, тасумен ерлерде демалыс жоқ. Арық, жүдеулі. Қатындар үйде жатады, - дегені екен.

Қорғалжын деген жерді, өзенді, дарияны көріп, «кедейі кербез, кемпірі, келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Кәсібі, балығы, базары қызық .. қайғысы жоқ, халқы тыныш. Тек орталарында көңілдерін көтеріп, шығып отыратын қақ төбесі жоқ екен. Теп-тегіс жер екен» деп кеткен.

«Қорғалжын деген жер үлкен дария екен. Балығы тайдай тулаған. Бақасы қойдай шулаған. Малы семіз, жері от. Халқы тыныш, базары үлкен, қызығы көп жер екен. Есіл, Нұраның өзені тағы басқасы нендей пайдалы. Балықты, өзендер соған келіп құяды екен. Сондай пайдалы жерлер екен», - депті.

Еділді көріп «Қанды қиян», Жайықты көріп, «Балды қиян», Маңғыстаудың ойын көріп, «Шаңды қиян» деп кеткен.

Нарын деген құмын көріп, «ай, дүние-ай, суың тұщы, топырағың таза жер екенсің, мехнатың жоқ жер екен. Күндердің күнінде тай туар, тайлақ ... Бірақ кәсібің жоқ, алыстан алатын жер екен. Кәсібің жоқ болса да, нәсібің бар жер екен» деген екен. «Сабан салмай, егін шығады екен. Жаңбыр жаумай, көгің шығады екен» деп кеткен.

А сан қайғының М аңғыстау жеріне берген сындары

Асан қайғы қырдың өрнегінен Маңғыстауға қарап тұрып былай деген екен: «Маңғыстау емес, «Мың қыстау» екен» депті. «Төрт елі қырдың жайы-ай, жусанның майы-ай, жылқы күнелтетін жер екен» деген екен Үстіртке қарап.

Қаратауға қарап тұрып: «Қолынан белі кетпесе, күндердің күні болғанда, бес ұлдының күнелтетін жері екен» депті.

Бозащыға қарап: «Он саулықты қоздатса, он жылда мыңға жеткізетін жер екен. Он іңгенді боталатса, он жылда жүзге жеткізетін жер екен» депті.

Харазм (бес қалаңыз: Нөкіс, Қоңырат, Төрткүл, Қожелі, Боран) ойына қарап тұрып: «Астық тасып аларда, төстабандары жүрілген, жандарынан түңілген, ерлер жортар жер екен», депті.