БАБАЛАР СӨЗІ: Атасу атауының шығу тарихы
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
АТАСУ
Сарыарқа өңіріне қарай ауған қазақтар қалмақтардан қашып келе жатып, Балқаштың бергі жағасына шаршап құлайды. Бұрын-соңды елсіз-күнсіз, иесіз жатқан далада шаршап жығылған жерлерін «Шаршаған», кейіннен Сарышаған атап кеткен. Осы өңірде біраз тұрақтап естерін жинаған босқындар Сарыарқаны бетке алып жүре береді, жүре береді. «Құлан өтпес, құс ұшпас» Бетпақтың шөліменен өткен жұрт елсіз-күнсіз шөл далада әбден шөлдейді. Үлкендері жүруден қалып, бір екі жасты су іздетіп, алдарын барлауға жібереді. Көп уақыт өтпестен жігіттер алдарында айдындай жарқырап ағып жатқан, жан-жағы қамыс пен шілікке бөленген жуас өзеннің үстінен шығады. Шөлден қаталап келген жастар жата қалып өзеннің суын мейірлері қанғанша жұтады, киімдерін шешіп, өзенге шомылып, шаршағандарын басады. Өзен жиегіндегі қалың қиыршық құмына аунап, біраз мызғиды.
Әлден уақытта естеріне арттарында тосып отырған жұрттары түседі, торсықтарын суға толтырып алып, кейін қарай шабады. Алыстан ауыл шеті көрінгеннен: «Сүйінші, Ата! Су!» - деп жарыса айғайлап елге жетеді. Атасудың суына тойған халық, көтеріле көшіп, Атасу бойын мекен етіп кетіпті.