БАБАЛАР СӨЗІ: Атқырылған туралы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады. ***

АТҚЫРЫЛҒАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Белгісіз бір заманда Қорғалжын ауданы, Майшұқыр ауы­лында Сержан атты бай тұрыпты. Кезінде ауылдағы билік өз қолында болған бай өзі тойса да, көзі тоймайтын дүниеқоңыз, сараң адам болған екен. Бар билік қолында болғандықтан халықты қанап, қыстап, ойына келгенін істеген. Өз қара басын ғана ойлаған. Ауылдағы ең шұрайлы жер де, өзен-көлдер де соның қарамағында болған. Иелігіндегі су, жерді халық пайдала­на алмайтын. Себебі бай: «Менің дүниеме қол сұқсаң, ақысын төле»,-деп, пәле салады екен.

Күндердің күнінде ауылдың басына қара бұлт төнеді. Ау­ылда құрғақшылық пайда болады. Ауыл шаруашылығының егістігі тұтас шықпай, құрғақшылықпен қатар, ашаршылық азабы қатар төнеді. Дәл сол тұста қарапайым халық көмекті байдан сұрап, өзен арнасын егістікке бұруын өтініш етіп келеді. Онда бай егістікке жіберілген судың есесіне халықтан өздерінің қорадағы күн көріс малдарын алатынын айтады. Әрине, ама­лы жоқ халық ауылбасы Сержанның ұсынысына көнеді. Осы­лай малдарынан айырылып қалған халық егістігін аман алып қалады.

Дегенмен қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ түрмей өз құлқынын ғана ойлаған байға да зауал келеді. Отар-отар малдары бірінен соң бірі індетке шалдығып, қырыла бастайды. Арамдықпен жиған малдан түк қалмай бай кедейлер қатарына амалсыз қосылады.

Кезінде менің көлім деп әмірлік жүргізген байды мұқатқысы келгендер көлді «Ат қырылған» деп ауыл арасында атап жүреді екен. Кейін де сол атау көлдің аты болып қала берді.