БАБАЛАР СӨЗІ: Әулие Ата атауы қайдан шыққан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Ежелде Қарахан атты батыр болған деседі. Ол Айша бибіге ғашық болады. Бірақ Айша бибінің әкесі мен Қарахан батыр бір-біріне жау болатын. Бір күндерде Қарахан Айша бибінің әкесінің ауылын шауып, Айша бибіні алып қашпақшы болады. Қарахан Айша бибіні алып қашып бара жатқанда әкесі жендеттерін жіберіп екеуін өлтіртпек болады.

Елінен ұзатылып Қараханмен бірге қашып бара жатқан Айша бала кезінен өскен жері Аса өзеніне бір шомылмақ бо­лып суға түседі. Осы кезде қыздың әкесі жіберген жендеттер Айшаның сәукелесіне жылан салып жібереді. Суға шомылып көңілі шаттанған Айша сәукелесін киген кезде жылан шағып, есінен танып, әлсірей бастайды. Осы сәтте Қарахан есінен танған Айшаны көтеріп алып, молдаға апарып, неке қиғыздырады.

Сол Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызып, қасына өзі де бір орын қалдыртады. Содан кейін-ақ Қарахан ақ сәлде, ақ жидемен жүріп, көз жұмар шағына дейін Айша бибі мазарын күзетіп, өмірін сонда өткізген деседі.

Қараханның осындай іс-әрекетіне қарай ел оны әулие деседі. Сол жерді ел «Әулиеата» атап кетіпті.