«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
БАЛАҒАЙЫП ҮҢГІРІ
Баяғы өткен жаугершілік заманда осы ауылға күтпеген жерден қапыда тиіскен жау қамсыз отырған жұртты аяусыз қырып салған көрінеді. Сонда нөпір халықтың ішінде аман қалған жалғыз бала тауға қарай дедектей қашып, жыпқыл тас арасындағы бір үңгірге барып тығылыпты. Ізбе-із қуып келе жатып, көз алдарындағы баладан айырылып қалған жау әбден әбігерге түседі. Тау-тасты шарлап, қанша іздегенімен, бірақ бала таптырмайды.
Ойламаған жерден жұмбақ көрініске тап болған қуғыншылар: «Бір Құдайдың кереметі шығар, сондықтан Алланың қаһарына ұшырамай тұрғанда тезірек кетейік» деп, аттарының басын кері бұрған екен...
Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, жапа шеккен күнәсіз жас өспірімге койнын ашып, пана болған қара тас бертін келе «Балағайып үңгірі» аталып кетіпті.