БАБАЛАР СӨЗІ: Баршатас туралы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

БАРШАТАС

Өткен дәуірлердің бірінде жаз жайлауы бар, қыс қыстауы бар бай адам өмір сүріпті. Ол өзі сондай аңқау екен. Бай болғаннан кейін дәулетке қызықпай тұра ма, қай тұстан қандай пайда түсірем деп жанталасумен жүреді екен. Күндердің бір күнінде аңқау байдың дүниеқоңыз екендігін сезген бір жігіт үйіне келіп түседі. Үстінде оқалы шапан, астында әсем сәйгүлік кербез көңілді келісті жігітті бай жалпақтап қарсы алады. Ет желінеді, қымыз ішіледі. Көңілі орнына түскеннен кейін үй иесі қонағынан жөн сұрапты. Сонда әлгі жігіт: «Бәле, байеке, сіз мені қалайша танымай отырсыз, мені бүкіл иісі қазақ таниды. Өрісім толған мал, жерім толған алтын-күміс байлық. Көңілім түссе, сізге де қарасамын», - депті.

Оның сөзіне иланған аңқау бай: «Сен шамалы тұра тұр, мал-жан өзімде де жеткілікті. Сен маған анау алтын тастарыңнан қарайлассаң. Мен де қарап қалмаспын», - дейді.

Жігіт келісім бере қояды. Сөйтіп, байды қасына ертіп, жігіт өзі алдында көріп кеткен бір кең өлкеге келіпті. Өлкеде жерде жатқан жылтыр тастар, жаңағы жарқырауық тастарды көрген бай алтын екен деп ойлап осы жерді маған бер деп жата кеп жабысады. Басында көніңкіремеген жаңағы жігіт артынан келісім беріп, ақысына байдан екі мың жылқы алып, алдына салып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кете барады. Бай болса мақтанышпен ауыл адамдарын ертіп, сол жерге алып келіп көрсетеді. Сөйтсе, алтын деп жүргені жай жылтыр тастар болып шығады. Жылтыр тасты жерді көпшілік Баршатас деп атап кетеді.