«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
БАРШЫН БЕЙІТІ
Баяғыда бір қарапайым адамның Баршын деген қызы болыпты. Ай десе аузы, күн десе көзі бар дегендей керемет сұлу әрі ақылды қыз болған екен. Содан бір уақыттарда бойжеткен қызға жан-жақтан құдалық басталады. Бірақ әкесі: «Бала әлі жас. Кезі келгенде өзі қалағанына беремін»,-деп ыңғай бермейді. Менменсіп келген талай сарбаздардың тауы шағылып қайтады. Өкінішке орай, әлгілердің арасынан сөзге түсінбес дүлейлері де кездеседі. Тек қара күшке сеніп, қайтсе де қызды қолға түсірмек болады. Сөйтіп, аңдуға кіріседі. Бір күні түнде дүзге шыққан Баршынды бір еңгезердей ер адам атқа өңгеріп ала жөнеледі. Бір сайға алып барып қол-аяғын шешкенде Баршын байғұс: «Ағатай-ай, мендей қарындасыңыз бар шығар. Аяй көріңіз. Арымды таптамаңыз»,-деп жалына шырылдайды. Оған көнген дүлей бар ма? Баршынды жерге алып ұрады. Сонда Баршын әлгі дүлейдің қынындағы қанжарды суырып алып, бір сәт те ойланбастан өз жүрегіне бойлата сұғып алады. Қаршадай қыздан мұны күтпеген дүлей зәре-құты қашып тұра жөнеледі. Не болғанын таңертең бірақ білген әке-шеше, ағайын-туған арын арашалап опат болған ару Баршынды ақ жауып, арулап қойған екен. Содан бері ол жер Баршын бейіті деп аталады.