БАБАЛАР СӨЗІ: «Байқоңыр» атауы қайдан шыққан?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады. *** Бір жылы Сырдың бойында үлкен жұт болып, бүкіл мал қырылып қалған екен. Соның алдында назарларға (ру аты) бір бай Қоңыр атты қызын ұзатып салған. Екі-үш жыл өткеннен кейін қыздың ағасы балаларға барып қайтайын деп барса, олар қыстан аман шыққан екен. Барса қарындасы алдынан шығып, жақсылап қонақ қылған екен. Содан қарындасы: - Аға, ел жұтап жатса, мына малдан мал алып кет, жылқыдан жылқы алып кет, - деп бір қора мал береді. Ағасы малды ауылға әкеліп, әркімге таратады. Жұрт: «Мұны қайдан алып келдің?»-деп сұрайды. Сонда ағасы: -Қоңырдың барған жері жақсы екен, қыстан аман-есен шыққан екен,-дейді. Оны естіген жұрттың біз де құдаларға барып келейік, ең болмаса ат мініп келейік деп барғандарының ешбіреуі құр қол қайтпайды.

Содан Қоңыр деген қыздың барған жері бай болған соң, осы жер «Байқоңыр» аталып кеткен екен.