«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
БАЙТУҒАН
Бірде Әлдеберген, Байтуған, Жақып-Кеңгір ауылы болып, көшіп бара жатқанда ағайын арасында іріткі туады. Содан алакөздік ерегес кеулеп, көш бұзылады. Осы жолы киқарлыққа салынған Байтуған ағайын-туғандарынан бөлініп, бұған дейін атаусыз келген оты мол қақтың бойында қонып қалады. Сөйтіп, әуелі «Байтуған қонған», ал кейіннен «Байтуған» атапты. Бұл жерге су жайылып, кәдуілгі көлге айналуы, үйрек-қазы қонып, балықтың пайда болуы, сірә, кейіннен, әлгі жан-жақтан тоған тұрғызып, жасанды көлтабандардың өмірге келуімен байланысты болса керек.