«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Ел мен елдің арасында сауда-саттықтың кеңінен таралған кезінде, бір саудагер адам өзінің мүліктерін бірнеше түйеге қамдап артып, адырлы даламен сапар шегіп келе жатады. Ұзақ жолдан шаршаған, қалжыраған керуен бір тұстарға келгенде аялдап, ас ішіп, ауқаттанбақ болады. Кепкен еттерін алып, пісірмекке дайындық жасайды. Бірақ от жағатын отын таба алмай, дағдарысқа душар болады. Жинап әкелген шөп-шалам мен шөпшектер тез жанып кетіп, ет пісіруге мүмкіндіктері келмейді. Біраз адамдар даланы шарлап, тезек іздеп кетеді. Сөйтіп жүргенде бір тышқанның інінен шығып жатқан түйір- түйір қара домалақ тастарды көреді. Әлгіні қызық көріп жинап, қап түбіне салып алған тезек теруші керуен жайғасқан жерге қайтып келіпті. Шамалы жиналған тезекпен от жағып, дөңгелене отырған бір топ адам әлгі қара тастарды қолдан-қолға өткізіп тамашалап қарайды. Шамалыдан соң уыстаған күйінде біреуі жанған отқа қарай лақтыра салады. Отқа түскен бір уыс қара тастар қызуы күшейіп, жана бастайды. Соны көрген керуеншілер: «Жанатын тас шығаратын жер екен мынау. Бұл жерге біз белгі қойып кетейік, елге барғаннан соң көпшілікті ертіп әкеліп, өнім алармыз»,-деді де, саудалауға әкетіп бара жатқан үлкен-үлкен тұзды бірінің үстіне бірін қойып қалдырып кетеді. Кейін көпшілік жиналып келерде жаңағы жерді екі қос тұз қалған жер деп іздеп, соңынан «Екібастұз» аталып кеткен екен.