«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
ЕСЕНБАЙ АСУЫ
Табиғаты сұлу Едірей өлкесі - өзінің тарих, шежіре, аңызға да бай жерлердің бірі. Тау қойнауына барар жолдағы Едірей ауылының шыға берісінде Есенбай асуы бар. Осы жерде Есенбай деген әулие кісі өмір сүрген. Атау да соған байланысты қойылғанға ұқсайды. Осы кісінің өз басына қатысты түрлі қызықты аңыздар жетерлік. Табанын тіліп жіберіп, бізбен тесіп, терісін қайыспен қайырып тігіп отыратын болған.
Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде бәрін көшірісіп, өзі жұртта қалып қоятын көрінеді. Ел Есекең айтқан қонысқа келіп, енді жетіп жайласпақшы болғанда, алдынан оларды өзі қарсы алып шыққан. Ауыл адамдары болса Есекеңнің қалай жеткендігіне қайран қалысып, әулиелігін аңыз етіп айтып, ел ішіне таратып жіберген. Сол Есенбайдың әулиелігі турасында ел ішінде сақталып келген тағы мынадай бір қызықты жайт бар.
Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде иесіз жұртқа ешкілерін тастап кетеді екен. Ешкілерді қалдырған кезде, мал ішіндегі үш-төрт текелеріне атап-атап «сен ие бол, сен ие бол» деп тапсырады екен жарықтық. Содан кейін еш алаңсыз ешкілерін қалдырып, жаз жайлауда болып, асықпай қысқа қарай бірақ оралады екен. Ал ешкілері болса «қой да аман, қасқыр да аман» демекші, бір тұяқ шетінемей бастары түгел болған. Оның сыры былай екен: жаңағы «сен ие бол, сен ие бол» деген текелер ит-құс немесе сырттай көзі түсіп қызыққан ұрылар жақындап келгенде, текелер ешкілерді бағып жүрген оның иелері болып көз алдына елес береді екен. Содан әлгілер болса тайсақтап жолай алмаған. Міне, жоғарыдағы Есенбай асуы сол әулие адамның атымен аталып қалған. Осы әулиенің атымен байланыстырыла қойылған бұл жерде Есенбай бұлағы, Есенбай сайы деген атаулар да кездеседі.