БАБАЛАР СӨЗІ: Есенкелді батыр дастаны
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
Бұл нұсқа Шыңжаң қазақтары арасында ақын Доспер Саурықұлы (1894-1971) жырлауында «Қызай тарихы», «Қызай ауған» деген атпен де тараған. «Есенкелді» жыры 1984 жылы Бейжің «Ұлттар» баспасында «Қазақ киссалары жинағының» 1-кітабында «Қызай тарихы», 1990 жылы аталған жинақтың 2-кітабында «Есенкелді» деген атпен жарияланды. Мәтін осы соңғы жинақтың негізінде дайындалды. Көпшілік, құлағың сал кеңесіме,
Кеңеске пейіл салып келесің бе?
Не істеп, ата-бабаң қайдан келді,
Білгенің толық жауап бересің бе?
Азырақ бұл туралы сауатыңды аш,
Білмесең, мен айтайын, сенесің бе?
Көктеген тарихыңды ұқпай жүріп,
Дүниеге босқа келіп, өлесің бе?
Білгенді айтып, білмеске үйреткенді,
Әруағы атасының жебесін де.
Қызайдың от маздатқан жері қайсы,
Білетін бар ма, жұрттың көнесінде?
Білгенін айтса екен деп, үміт етем,
Бір ауыз болса дағы сөз есінде.
Құрасақ бір ауыздан тарих болар,
Көне сөз көп болады ел есінде.
Сол үшін көпшіліктен сұрамақпын,
Болғанын мен жазайын өз есімде.
Керек қып ауыздағы аңыздарды,
Ел үшін еңбек етіп тересің бе?
Өзінен көпшіліктің үйренгенді,
Өзіне қайта өңдеп бересің бе?
Көп сөзді көнелерден естіп едім,
Қалмапты осы күнде көбі есімде.
Сонда да көрге апармай білгенімді,
Берейін көпшіліктің үлесіне.
Ендеше тарту етем бір қазына,
Осы елдің қарасы мен төресіне.
Еске алып, ата тарих, елес берем,
Баға бер оқығаның кеңесіме.
Тоқтамай, зырла жүйрік, қарт қаламым,
Өзіңді қолыма алсам шаттанамын.
Жасымнан көне жолдас, жан серігім,
Шын сөзді тыңнан алып тарт, қаламым.
Сүйсініп естіген жан тыңдағандай,
Үлгілі, жүйелі сөз тап қаламым!
Жазайын білгенімді бүкпей ішке,
Жетерлік елден естіп жаттағаным.
Азырақ ой тоқтатып толғанайын,
Қай сөзден тақырыбын ақтарамын.
Көп сөзді көнелерден көріп едім,
Несіне енді бүгін жасқанамын.
Артыма ата мирас тарих қалсын,
Көңілге сары алтындай сақтағаным.
Ендеше қайсы сөзден бастамақсың,
Қай жерге сөз түйінін тастамақсың.
«Қызайдың тарихы» деп сөз бастайын,
Сынасын сыншылары жас талаптың.
Жататын ұлы жүзге үйсін қандай?!
Үйсіннің туажаты-Бәйдібек бай.
Күнбүбі-Бәйдібектің күндей қызы,
Атанған кейін келе анам Қызай.
Кіреді орта жүзге найман елі,
Найманның туажаты Матай еді.
Матайдың шөбересі Шағыр ерге,
Бәйдібек тойын жасап, қызын берді.
Шағырдың жан жұбайы Қызай анам,
Тарихтан естуімше былай анам:
Жасынан шарапатты болған үшін,
Әлемге аты шығып болған аян.
Ол дәуір ХҮ ғасыр екен,
Білмеймін ортасы ма, басы ма екен?
Өз аты ерден бұрын ерек шыққан,
Басқадан шарапаты басым екен.
Мекені «Қызай тауы» атаныпты,
Ұрпағы сонда өсіп жатыр екен.
Алтайдан арғы Алатау, Бота, Мойнақ,
Сол жерге Қызай тауы жақын екен.
Хамседе1 бұл жерлерді бір жазыпты,
Тәрізі бір желілес асу ма екен?
Қызайдың осы жерлер-өрісі екен,
Шағырдан Итемген мен Меңіс екен.
Шағыр өліп, Қызайды Қойшы аға алып,
Бегімбет, одан туған-Дербіс екен.
Меңістен-Тәңірберді, Тілеуберді,
Қызайдың немересі сол кісі екен.
Баласы Тәңірберді-Құдайназар,
Осыдан сөздің басы өрбісе екен.
Аға-іні Құдайназар тоғыз туған,
Мекені-Қызай тауы кірін жуған.
Құдекең басқасынан ер болыпты,
Жау десе жан аямай қарсы тұрған.
Сол кезде қазақ, қалмақ қан төгісіп,
Жатыпты ел мезі боп айғай-шудан.
Бұтаға жеңілгені тығылыпты,
Мысалы шылдай болып, тұйғын қуған.
Осындай жаугершілік заманда жат,
Жүріпті ат үстінде ер-азамат.
Ол кезде қолда бардың бәрі қару,
Батыры сауыт киер неше қабат.
Кейде жеңіп, кей кезде жеңіледі,
Соғыста көп адамдар қаза табад.
Ұраншыл ер жігіттің әдеті сол,
Айғайлап, аттан шықса қалмай шабад.
Жалаңаш тұра сала жүгіреді,
Киімін киюге де қылмай тағат.
1. Тауарих Хамсе шарқие-«Шығыстың бес тарихы» атты Құрбанғали Халиттің 1910 жылы Қазан баспасында басылған кітабы.
Соғысып, жауға қарсы ұрысады,
Немесе ұрлап жылқы қуысады.
Екі жау бірін-бірі жеңе алмаса,
Кей кезде бітім жасап шығысады.
Ол бітім көп ұзамай бұзылады,
Қайткенде жаугершілік тынысады?!
Кенеттен қазақты кеп шапты қалмақ,
Жеңетін бір орайын тапты қалмақ.
Топтаған қарулы күш қосынымен,
Мал шауып, садақтарын тартты қалмақ.
Жылқыны жайына алып кете бермей,
Түзеді шебін құрып сапты қалмақ.
Шыдамай соғысуға үрікті жұрт,
Жасақ сап күш артына бірікті жұрт.
Көшіріп қатын-бала, кемпір-шалды,
Қайрылып талай боздақ тұрыпты жұрт.
Не қалды, жау қолында жылқы қалды,
Асқар тау, атамекен жұрты қалды.
«Жаудың ісі-жау жалам» деген мақал,
Тігулі үй ішінде мүлкі қалды.
Іркіт пен саба толы, асқан қазан,
Жаюлы өресінде құрты қалды.
Қой шулап, түйе боздап көшпен кетті,
Жұртта ұлып кей ауылдың иті қалды.
Ығыстап, қазақ үркіп қашпақ болды,
Бір қысаң тар асудан аспақ болды.
Асудан көшті асырып жіберген соң,
Батырлар жауды тұрып тоспақ болды.
Асудан тосып жауды қиратуға,
Құралып ақылмен бас қоспақ болды.
Батырлар жан пидаға шықпақ болды,
Қорқақтар қорқып көшке ықтап болды.
Тоғысып тар кезеңде сайысуға,
Көпшілік күш-жігерін мықтап болды.
Сын болды екі жаққа осы кезең,
Жауларын жерге таптап тықпақ болды.
Кезеңде көпшілік боп ақылдасты,
Жауменен сайысуды мақұлдасты.
Кезеңнен кезеп жауды тосып алып,
Келгенін қызыл қанға батырмақшы.
Сөйтсе де жаудың беті өте суық,
Жазықтан жау аузына жақындасты.
Батырлар сол арада бірікті енді,
Перінің жігітіндей іріктелді.
Жібермей сол асудан алдын тосып,
Соғысып салмақ болды бүлікті енді.
Жарқылдап көк найзасы, ақ балтасы,
Садағын белдеріне іліпті енді.
Талапты, ер жүректі азаматтар,
Ел үшін жан пидаға шығыпты енді.
Айтайын Құдайназар батырды енді,
Ағасын:-Бері кел,-деп, шақырды енді.
Құттымбет тоғызының ең үлкені,
Салады ағасына ақылды енді.
-Тоғыздан мен шығайын жан пидаға,
Қараңыз, бала мен, сіз, қатынға енді.
Ағасы айтты:-Жас қой,-деп,-балаларың,
Сен едің ақыл тауып, паналарым.
Онан да бұл жорықта мен қалайын,
Тура ғой бір керекке жарағаным.
Ер жетіп, балаларым, ес тоқтатты,
Мен сенен осы жолды қалағаным.
Інісі сонда ибамен:-Ағам,-деді,
Беріңіз рұқсатты маған,-деді.
Мен өлсем, арт жағымда сіз барсыз ғой,
Аманат қатын-бала саған,-деді.
Қайтарма көңілімді, рұқсат бер,
Жауға ойран осы жолы салам,-деді.
Үш ұлым ержеткенше тірі болсаң,
Кім түртіп қабағына қағар,-деді.
Біраз жыл ержеткенше пана болсаң,
Өз жанын аз жылдан соң бағар,-деді.
Ер жеткен бір қызым бар ұлдан артық,
Шешесін сол бағуға жарар,-деді.
Үш ұл-жас, ер жеткені-бір қыз еді,
Шаруасын басқарғаны сол қыз еді.
Өзінде білім де бар, өнер де бар,
Мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді.
Үш ұлға үлгі үйретер осы қызы,
Шолпандай таңғы туған жұлдызы еді.
Өнері ұлдан артық садақ атса,
Мінезі қызыл жібек қырмызы еді.
-Сізбенен мен де бірге қаламын,-деп,
Тілегін әкесіне білгізеді.
-Өнерім бір кісіден кем емес,-деп,
Ішіне сөз түйінін кіргізеді.
Сол кезде он сегізге келген еді,
Үлгіні атасынан көрген еді.
Аспанға лақтырған тақияны,
Садақпен ұшыратын мерген еді.
Кем емес бір кісіден күш-қуаты,
Қысқасы, өзіне-өзі сенген еді.
-Біреуге сізден қалсам, әйел болам,
Сол ма,-деп,-бар тапқаным?!-жеңген еді.
Қызының жауабына жауап таппай,
Әкесі көп ойланып сенделеді.
Баласы сөзбен буып, болмаған соң,
Қабылдап, қыз мақсатын жөн көреді.
Бұл қыздың айтқан сөзін ойлап көрсе,
Қандай жан ұлдан қызды кем көреді!
Соғыста қалды батыр қызыменен,
Ел кетті жаудың ығып жүзіменен.
Қош айтып, қатын-бала көшпен кетті,
Үріккен қалың елдің ізіменен.
Мақсаты батырлардың жауды қырмақ,
Көптің күші, қылыштың жүзіменен.
Батырлар ұран салды, ту ұстады,
Көңілі жаудан қорқып суыспады.
Қынама, тар асуды тосқаннан соң,
Азырақ жау қайрылып, ығыстады.
Бір сөтке екі жақ та атыспады,
Сөйтсе де бекер қарап жатыспады.
Қарауыл күзет қойып, екі тарап
Соғысқа бір күн, бір түн қатыспады.
«Үріккен ел ұзасын» деген оймен,
Аңдысып амалменен тақыстады.
Екі жақ екінші күн салысты ұрыс,
Айғай-шу, жер күңіренді тарс-тұрс.
Өлгені өліп, кейбірі жаралы боп,
Екі күн болды ұдайы алыс-жұлыс.
Жау үдеп, шабуылдап басылмады,
Сөйтсе де жауды асудан асырмады.
Екі жақ әлі қырғын тауып жатыр,
Не жеңіп, жауды кейін қашырмады.
Үдеді тағы соғыс манағыдан,
Асудың жау аспады қабағынан.
Жүргенде араласып Құдайназар,
Торы аттың садақ тиді сағағынан.
Кезеңнің дәл үстінде мірдің оғы2,
Бауыздап кетті кенет тамағынан.
Асқынып бұрынғыдан соғыс қатты,
Көп адам екі жақта өліп жатты.
Елі үшін көп азамат құрбан болып,
Жазуын бір Алланың көріп жатты.
Жау қашты, кешке таяп үрейленіп,
2. Мірдің оғы-алысқа тиетін түтінді садақ оғы.
Жазасын қашқан жаудың беріп жатты.
Кімнің бар, кімнің жоғын біле алмастан,
Кеш болып, сол асуда қонып жатты.
Таңертең, батыр тұрса, ел кетіпті,
Қашқан жоқ, жау кетті деп жөн кетіпті.
Бірақ та жаралы боп қалғандарды,
Әлсіреп, сусын жағы меңдетіпті.
Оларды бірден жиып сусын тауып,
Су беріп, Құдайназар емдетіпті.
Ұйықтап, бір орында қызы қалған,
Оятып ұйқысынан тербетіпті.
Жарадар жанды тастап кете алмастан.
Қысылып маңдайынан тер кетіпті.
Аты жоқ, баласымен жаяу қалды,
Көңілі әр жағынан қаяуланды.
Қысылып, сасқалақтап тұрғанында,
Сайды өрлеп тағы жаулар таяулады.
Бәрібір жаяу қашып құтылмайды,
Сондықтан жауды тосып аялдады.
Бір істі тағдыр етсе пендесіне,
Ерік жоқ жазған істі көрмесіне.
Өлген менен жаралы болғандардың,
Шашылған оқ-садағын термесін бе?!
Әйтеуір, жанталасып жүргенінде,
Бір далбас қысылғанда келді есіне.
Кешегі өліп қалған торы азбанның,
Екеуі паналады кеудесіне.
Сол жерде соңғы лебіз шертіседі,
-Тағдырдың кез болдық,-деп,-кермесіне.
Мен өлсем, сен артымды жөндер едің,
Апыр-ай, қалдың, балам, сен несіне?
Қыз айтты:-Шейіттікті жазса тағдыр,
Бола ма, жаным ата-ау, көнбесіме.
Онан да қалған оқпен атысалық,
Естіген, ең болмаса «ер» десін де.
Ал енді, жатсақ та өлдік, тұрсақ та өлдік,
Жан ата-ау, жаудың түрін көрмейсің бе?!
Дұшпанға алдын-ала оқ аталық,
Садақты маған жөндеп бермейсің бе?!
Сонымен жауға қарсы садақ тартты,
Паналап өлген аттың кеудесінде.
Садақты бірі оқтаса, бірі атып,
Кезеңнен жібермеді өрлесінге.
Сығалап түс мезгілде бір қараса,
Өлген жау жеткен екен он бесіне.
Көппенен кешке дейін атысқан соң,
Көлігіп оқ таусылды сол бесінде.
Дұшпандар ызаланды жеңбеген соң,
Көп адам екі адамнан өлгеннен соң.
Қаптады қарғадай боп сол сағатта,
Жарағы таусылғанын көргеннен соң.
Тірі ұстап екеуін де шейіт қылды,
Аяй ма, Құдай қолға бергеннен соң,
Ісіне қырғыншылық шара бар ма?
Осылай ажал тура келгеннен соң.
Жау жатыр өлген жанды тонап алып,
Олжаны аз ғана емес, мол-ақ алып.
Жаралы бірі кеше қалған екен,
Басында қайтпақ еді соны-ақ алып.
Қазақты жараланған қойша қырып,
Жау қайтты бір батырын қонаға алып.
Тірісін бұлар келіп, алып кетті,
Біз неге кейінгіге қарамадық?
Қырылды осы жолда нелер саңлақ,
Жеңілдік бұл сапарда қараң қалып.
Ал енді, бұл сөз мұнда тұра тұрсын,
Аяғы бұл соғыстың тына тұрсын.
Ілгергі үріккен ел тиянақтап,
Алды-артын: «кім бар, кім жоқ» жия тұрсын.
Елі үшін ері өлсе де, ел құрымас,
Көз жасын сабыр етіп тия тұрсын.
Сүйегін өлгендердің көму үшін,
Кеңесті ел жиылып, құра тұрсын.
Сонымен сүйек іздеп, халық жүрді,
Жау бар деп, қару-жарақ алып жүрді.
Қайғырып шейіттерге азаланып,
Көз жасы көпшіліктің ағып жүрді.
Айрылып елден, жерден қырғын тауып,
От болып, іште жалын жанып жүрді.
Сонымен үш күн жүріп белге келді,
Баяғы соғыс болған жерге келді.
Ит-құс жеп, саудырап, бос сүйек қапты,
Келгендер танымапты өлгендерді.
Кескен бас, жұлын-жота сайда қалған,
Қабырға, басқа сүйек қайда қалған?
Атырап-аппақ сүйек болып жатыр,
Бір кезде, міне, осындай жай да болған.
Жақсылық, жамандықтың бәрі де өрнек,
Кімнен зиян, кімдерден пайда қалған.
Келгендер оқиғаны көріседі,
Әр жерден сүйек-саяқ теріседі.
Сүйектің бірін қоймай жинастырып,
Бір жерге жаназа оқып көміседі.
Батырдың Құдайназар бір белгісі,
Екі елі жалпақ еді қасқа тісі.
Қыз танылды әйелдік белгісінен,
Шашының бұрап өрген өргісінен.
Қос сүйек әбден танып, алынған соң,
Бірыңғай бөлек қойды, көп кісіден.
Қызға арнап және ерекше ақым ойды,
Жанына атасының жақын қойды.
Осылай елі үшін шейіт болды,
Жан еді екі батыр ақыл-ойлы.
Көмді де шейіттерді кетті халық,
Еліне аман-есен жетті халық.
Енді бір иен жерден қоныс ізде,
Кеңесін ақылдасып етті халық.
Ол кезде батыр бастап жер шалады,
Жерді де толық милы ер шалады.
Жауға жері беріктеу көлемі кең,
Жағдайлы жақсы жерге зер салады.
Бір ғасыр иен тұрған ту жер екен,
Тауыпты Аякөз бен Көксаланы.
Осылай Аякөзге келді Қызай,
Қалдырып кіндік кескен жерді Қызай.
Суы бал, желі жұпар, шөбі дәрі,
Қызығын Аякөздің көрді Қызай.
Тай құлындап, ешкісі үшем тауып,
Байыды жылдан-жылға енді Қызай.
Тобылғысы болыпты үйге тіреу,
Иті таңғыт, ыдысы алтын болды Қызай.
Қызыры анасының бастап келіп,
Төгіпті осы жерге қорды Қызай.
Кешегі Абылайдың заманында,
Көксала, Аякөз боп орны Қызай.
Тоқтайды осы жерде сөз аяғы,
Жазылар, кейінірек соңғы Қызай.
Келеді басқа бір сөз жаңасынан,
Үш жетім Құдайназар баласынан.
Бір үйде үшеуі де жетім бала,
Төрт жан боп айырылмапты анасынан.
Қарабас-Құттымбеттің үлкен ұлы,
Жан екен жас басынан аласұрған.
Шешесін үш жетімнің аламын деп,
Айғырдай азынады таң асырған.
Бұл сөзге ызаланды жесір әйел,
Ағайын жөн көрмеді жаны ашыған
Қазақтың әменгерлік бір жолы бар,
Бұл өзі-ата салты бабасынан.
Көнсе де, көнбесе де алатұғын,
Табатын солай пайда таласудан.
Нашарға осы емес пе, бас мұңшылық?
Есерге ес таптырмас асқыншылық.
Жабығын жарып түсіп, бір күн түнде,
Жасауға ұрыныпты басқыншылық.
Шыдай ма, тірі пенде бұл қорлыққа,
Япыр-ау, бұл не деген қасқыршылық?!
Бір түнде, міне, осындай ыза болды,
Ызамен жын соққандай қызады енді.
Кей кезде өзін-өзі билей алмай,
Ниетін өлейін деп бұзады енді.
Үш жетім, жас баланы тағы қимай,
Сау да емес, ауру да емес, сызады енді.
Жеткен жоқ бұл оқиға бір жұмаға,
Уақыт кетпесінші ұзап енді.
Даяр мал, даяр төсек, даяр үйге,
Тағы бар құрып жүрген тұзағы енді.
Қорытып бар, қиялын біріктіріп,
Кетудің бір жобасын сызады енді.
Бір түнде тұлыпқа айран құйып алды,
Азыққа құрт, ірімшік түйіп алды.
Ақтарып теңді шешіп, көтергендей
Жеңілдеп бір кісілік киім алды.
Өзінің басын қорғап қашып шықты,
Бар малы, тіккен күйі-үйі қалды.
Қазақтың әменгерлік дәуірінде,
Жесірдің қай жерінде күйі қалды?
Кіші ұлы Сұлтекеңді3 көтереді,
Ортаншы Есекеңді4 жетеледі.
Жолымбет екеуінен үлкен екен,
Артынан өзі жүріп кете берді.
«Төркіні-сары үйсін» деп бұрынғы айтар,
Сол жаққа бетін түзеп төтеледі.
Түнімен ел ішінен шығып кетті,
Таң ата елсіз жерге жетеді енді.
Таң атып, жерді болжап, біліп алды,
Бір сайға бекінуге бұрылады.
Сусындап, демін алып, ұйқы қанып,
Күн бойы сол арада тынығады.
Кеш батса, бетін түзеп, кеткелі отыр,
Бұл жерде бір әңгіме туылады.
Ортаншы Есенкелді:-Апа,-дейді,
Болмаңыз айтқан сөзге қапа,-дейді.
Шұбыртып, қайда апарып өлтіресің,
Іздедің неге мұнша жапа?-дейді.
Мал қайда, үйің қайда, бұйым қайда,
Бағатын, не бізде жоқ ата?-дейді.
Шешесі оқиғаны ашып айтпай,
Сауалын баласының қата дейді.
Сөйтсе де, көңіліне сөзі жағып,
Ішінен қуаныш қып, бата берді.
Шешесі сөзін сонда бастайды енді,
Бір нұқып, ұлын жерге тастайды енді.
Өртердей қу жанымды жолай балам,
Жоқ сөзді, қайта маған айтпа!-дейді.
Анасының сонда үш жетімге айтқан зары:
-Ағайынды үшеусің,
Жал-құйрығың келте ме?
Осы күнді сіздерге,
Жазған Алла ертеде.
Өлмей тірі жүрсеңдер,
Бір шығарсың желкеге.
Айналарсың, құлыным,
Ел бастайтын серкеге.
Өлмеген құл ас ішер,
Дәм татып алтын табақтан.
Сабыр сақта, құлыным,
Тастамас құры Жаратқан.
Тірі жүрсең үшеуің,
Қалдырмас Алла санаттан.
Оңдай гөр, Алла, жолымды
Қазіргі минөт-сағаттан.
Оқиды ана бір намаз,
-Қолда деп,-Ием-Жаратқан.
Құдайға мінажат қып, зарланады,
Біресе, қиял жеңіп сандалады.
Ілгергі болып өткен оқиғаны,
Айтуға балаларға арланады.
Үшеуін «дәргайыңа паналат» деп,
Жалынып, Жаратқанға жалбарады.
Жер жібіп, тастар балқып көз жасына,
Жаны ашып, жан-жануар таңғалады.
Ал енді отырудың қажеті жоқ,
Тағы да түн қатуға қамданады.
Күн батқанда жылжиды,
Түн қатып, тағы Алла деп.
Сендер де балам жалбарып,
Жаратқанға зарла деп.
Етегімнен ұстап жүр,
Айырылып менен қалма деп.
Анда-санда дыбыстап,
Артымда, жоқ па бар ма деп.
Қырқадан-қырқа жол жүріп,
Тоқтады бір құз-жарға кеп.
Табандарын ойдырып,
Жүре алмай әбден болдырып,
Тар шатқалға жетті кеп.
Жер сүзе бәрі жығылып,
Мұрттай ұшып жатады.
Ұйқы қанып ертеңі,
Дәл түсте көзін ашады.
Ойылған тегіс аяғы,
Қайтіп жерге басады.
Шәйіп ішіп шалабын,
Бір белден әрең асады.
Жетімді қинап осынша,
Ырызғысын түзге шашады.
Дәрмені қалмай жүруге,
Сонда қатты сасады.
Әмеңгер әдет болмаса,
Бұлардың бар ма жазығы?
-Осы ма,-деп зарлайды,-
Алланың бізге жазуы?
Басуға аяқ келмейді,
Таусылды сусын-азығы.
Қауіп келді өлімнен,
Ұзап жерге қаша алмай.
Болдырып келіп отырды,
Аяғын жерге баса алмай.
Көрінді тағы бір асу,
Әлсіреді аса алмай.
Жүре алған кісі, әрине,
Бір сағатта асардай.
Көнбесіне шара не?
Көрсетті тағдыр бұл істі.
Отырып бекер өле ме?
Ілбіп әрең жүрісті.
Жүре алмаса еңбектеп,
Асуға таман тырысты.
Бесінде шығып жотаға,
Тағы да алды тынысты.
Ел көрінді етекте,
Қуанып біраз тұрысты.
Отырған қалың ақ үйлер,
Жайылған малы өрісте.
Қиыншылық, ғаріптік,
Жоғалды елді көрді де.
Бір жығылып, бір тұрып,
Домалады еңіске.
Ымыртта келіп отырды,
Бір ауылдың шетіне.
Ит қорып үйге кіргізді,
Қарайды бәрі бетіне.
Аз-аздан беріп сусынды,
Келсін деп жатыр есіне.
Демін алып болған соң,
Ұқтырды жайын шешіле.
Бай екен үйдің иесі,
Айдап кепті несібе.
Рулас екен өзімен,
Төркіннің келді шетіне.
Ауылына кісі шаптырды,
Таң атпай күннің кешінде.
Ат алып жетті төркіні,
Ертеңгі күнгі бесінде.
Әке-шеше, бауыры,
Шұрқырап келіп көрісті.
Балаларын құшақтап,
Беттерінен өбісті.
Уатып жатыр бай бәрін,
Көне екен көрген көп істі.
Аман-есен жеткен соң,
Қайтсе де бәрі келісті.
Қарабасты қарғасты,
Кім оң дейді терісті?
Бұлардың көрген қорлығы
Жылатты сонда көп елді.
Аялдамай келгендер,
Ауылына алып жөнелді.
Жорға-жүйрік мінгендер,
Аяңдамай желеді.
Бесінде шығып түнімен,
Ауылына жетіп келеді.
Әкесі асқан бай екен,
Баласы да ер еді.
Үй тұрғызып басына,
Енші бөліп береді.
Қорасына қой салып,
Өрістен жылқы бөледі.
Жылдан-жылға үш жетім,
Ержетіп өсіп келеді.
Нағашы ата бөлекше
Үшеуін жақсы көреді.
Тәрбиелеп, әлпештеп,
Үлгілі нұсқа береді.
Артық көрген ұлынан,
Үйретті жастан өрнекті.
Ұядан ұшқан сұңқардай
Тәртіпті болып ержетті.
Ықыласпен берген еншісі,
Өсіп-өніп өрлепті.
Жайлы жиен болған соң,
«Бөтен» деп ешкім бөлмепті.
Үшеуі тең ержетіп,
Жігіт бопты көрнекті.
Жолымбет-мал иесі момын болды,
Мінезі қойдан жуас, қоңыр болды.
Сенімді, тиянақты ел-жұртына,
Кәдімгі қариядай порым болды.
Ел сүйген Есенкелді серке болды,
Кенжесі Сұлтанкелді ерке болды.
Жақсылық жамандықпен екеуі-егіз,
Бұл бақыт үш жетімге ерте қонды.
Құйрығы жамандықтың бір-ақ тұтам,
Қастығы Қарабастың келте болды.
Бұл елдің биі болды Есенкелді,
Ел қамын бірден шешер десең болды.
Қақ жарар қара қылды әділетті,
Қаратқан елді аузына шешен болды.
Сол кезде ер Матайдың Қайып биі
Құн даулап келген екен осы елге енді.
Қайып би елді сөзбен буса дағы,
Бермеді Есенкелді есені енді.
Үйіне кешке Қайып келгенінде,
«Оқиға болды осында шеше,-деді.
Мен әлі танысқам жоқ сырттап жүрмін,
Келгені Қайып бидің кеше»,-деді.
Шешесі айтты:-Ол кісі келсе,-деді,
Бұрылмас қисық сөзге елше,-деді.
Ол елдің қасиетті бір кісісі,
Сенімен танысады көрсе,-деді.
Жолықпай назасына батасын ал,
Егерде ел тіліңе көнсе,-деді.
Қайтарда, таныспаса, шақыр үйге,
Жөн болар, солай болса, менше,-деді.
Қайып би өзі қонған ауылда еді,
Бұл жерде сол оқиға табылды енді.
Би айтты жолдастарға ойланды да:
-Кешегі сары жігіт не қылды енді?
Сүйеніп құрығына тұрғанында,
Кеңесіп елі сонда жабылды енді.
Үстінде тай жағалы ұзын сары,
Мен білсем осы ел соған бағынды енді.
Сонымен кеңескен соң сөз бұзылды,
Мен жорып тұрмын солай сарынды енді.
Сол жігіт кім екенін білу керек,
Іздеңдер шалымдырақ бірің,-деді.
Іздейді Қайып бидің жігіттері,
Дерегін сары жігіттің білуге енді.
-Құдайназар батырдың баласы екен,-
Деп біреу Қайып биге жүгірді енді.
Жігіттер бұл хабарды біліп келді,
Қайып би көздің жасын ірікті енді.
Бар екен құлағында бұрыннан-ақ,
«Шынында сол ма екен?-деп, тұрыпты енді,-
Өлгенді не қылайын, тірімді алмай»,-
Деп жылап, Қайып атқа мініпті енді. 332
Жаюлы дастарханы қала берді,
Туралап сол ауылға жүріпті енді.
Елеңдеп отыр екен замандасы,
Алдынан қызша жылап шығыпты енді.
Көрісіп, жамырасып, жадырасып,
Хал-жайын екі жақтың біліпті енді.
Даулаған ердің құны былай қалсын,
Бұлардың хал-жағдайын ұғыпты енді.
Үш жетімді нағашы ел-жұртымен,
Қайып би сөзбен жеңіп, буыпты енді.
Есекең ары-бері бұлтарса да,
Кәрі би сөзден бермес ырықты енді.
Ақыры олай тартып, былай тартып,
Қайыптың айтқанына көніпті енді.
Келген соң екі жағы бір ниетке,
Жыртығы қам көңілдің кірікті енді.
Жіберді қос атпенен елге кісі,
Орнына саламын деп сынықты енді.
Іздеген ердің құнын Қайып биді
Есекең ақылменен тұнытты енді.
Қайып би:-Сәлем айтты ата ұлына,
Бұл істі салсын Қызай ақылына.
Жоқтаусыз үш жетімді жіберіпті,
Осы ма, қылған сыйы батырына?
Кәделі кәриясы тегіс келсін,
Бұл істі сүйретпесін тақымына.
Көлікті аялдамай тез әкелсін,
Себеп-сол, менің тосып жатуыма!
Сәлемін алып Қайыптың,
Келді жігіт Қызайға.
Жиылып Қызай кеңесті,
Қайыптың сөзі ұнай ма?
Жүрмек болды қамданып,
Тура деп сөзі Құдайға.
Жібермес Матай намысты,
Бұзуға сөзді шыдай ма?!
Ата ұлынан Қызайдың,
Атақтылар жүріпті.
«Орындар» деп ол жерде,
Қайып өзі жұмысты.
Тікелей барып тауыпты,
Тым-тырыс жатқан бұл істі.
Айтпаған білді Қайып сырды дейді,
Іштегі жуар енді кірді дейді.
Үш жетім, Құдай қосса, келер елге,
Болады кейінгіге үлгі дейді.
Сонымен жетті бұлар көлікті алып,
Жыласты үш жетімді көріп халық.
Қойдай шулап, қозыдай маңырасып,
Тынықты бірнеше күн қонып халық.
Ақсарбас, көк қасқасын айтып сойып,
Жиылды екі жаққа толып халық.
Деді Есекең:-Нағашы, өскен елім,
Өткізсем кемшілікті, кешкен елім.
Жиеннің нағашыға қиығы жоқ,
Мен билеп, елі-жұртын төстеп едім.
Келіпті ата жұртым көшіргелі,
Жасымда бір себеппен кеткен едім.
Паналап жетім-жесір кең саяңда,
Желкілдеп мұратыма жеткен едім.
Сұраймын кішілікпен ілтипатты,
Бір шыбық бұтағыңдай көктеп едім.
Көпшілік мына сөзді аңғарады,
Жауапқа жауап таппай таңғалады.
Көп сөздер ары-бері болып жатыр,
Қия алмай бірін-бірі сандалады.
Батасын, рұқсатын берді жұрты,
Көшуге енді олар қамданады.
Біреуге берсе Құдай алапатты,
Пешене-маңдайынан шам жанады.
Үш жетімді рулы елдей қылып,
Шығарып салды үйсіннің бар манабы.
Көшіріп үш жетімді келді халық,
Аямай жақсылығын берді халық.
Бұрынғы өткен істің бар билігін,
Айтатын Қайып биге сенді халық.
Мойнына Қарабастың құрым іліп:
«Күнәсін өзің біл»,-деп жеңді халық.
Бәйбіше:-Күнәңді мен кештім,-дейді,
Мойныңа құрым іліп кепсің,-дейді.
Бұрынғы олжаланған мал-мүліктер,
Бір тиын керегі жоқ кетсін,-дейді.
Кешегі жақсылардың әруағы үшін,
Кешірім көпшілік те етсін,-дейді.
Қайып би айтты: «ұрпағың өспесін»,-деп,
Бәйбіше айтты:-Өспесе де, өшпесін,-деп.
Тағы да жақындық қып, жаны ашыпты,
Қарғысқа көп жолығып кетпесін,-деп.
Қазаққа қандай Құдай үйретті екен,
Жесірді әмеңгер қып шектесін,-деп.
Немесе шариғаттан тапты ма екен,
Қой сойып, ықтиярсыз ет жесін,-деп.
Қазақи салттағы осы теріс жерін,
Айтпапты бұрынғылар екшесін,-деп.
«Аға өлсе, ініге-мұра» деген сөзін,
Қазақтан өтінемін, өйтпесін,-деп.
Жесірдің көз жасына жолығады,
Секілді Қарабастай5 жетпесін,-деп.
Кеңесті кешікпестен енді Қызай,
Пікірді бір-біріне берді Қызай.
Қуанып үш жетімнің келгеніне,
Бір үлкен той қылмақшы болды Қызай.
Бегімбет, Дербіс, Итемген, Меңіс болып,
Бір жерге иін тірей қонды Қызай.
Ел жиып, ат шаптырып, той жасады,
Аумаққа атты-жаяу толды Қызай.
5. Қарабастың шын аты Елдай екен. Мойнына құрым кигізілгендіктен Қарабас атаныпты.
Бұл тойға ер Қабанбай батыр келді,
Әтейлеп ол кісіні шақырды енді.
Жауына арыстандай айбат шеккен,
Найманның алтын туы-асыл келді.
Үйіне батыр келіп қонған күні,
Бабамның6 ұл туыпты қатыны енді.
«Баланың атын өзім қоямын»,-деп,
«Қабанбай, Қабанбай» деп атын қойды.
Ешкімге өз атымды қойғызбаушы ем,
Көңілім тартты саған жақын,-дейді.
Үйіне қайтқанында ер Қабанбай,
Бабамды Қайып би мен шақырды енді.
Барады ата ұлынан жұрт бастығы,
Абылай елді жиып жатыр,-дейді.
Қалайша жаудан аман ел қорғаймыз,
Сол жерде қорытамыз ақыл,-дейді.
Мезгілін жиылыстың айтып кетті,
Қалмаймыз уағынан мақұл,-дейді.
Батырға, Қайып биге Есенкелді
Сый тартып, атан және атын берді.
Қазақта Қызай сонда татымды еді,
Жастары бір-бірінен асуда еді.
Біреуі жал, біреуі құйрық болып,
Бабамның атақ-даңқы артылды енді.
Қоңырбай немерелес Қазымбетпен,
Сыйласып бірін-бірі тағам еткен.
Байназар, Құдайназар аты ұйқас-
«Қос алмас туыпты» деп, әзіл еткен.
Немере, туған-туыс, бауырларды,
Ойлайды елдің көркін әділетпен.
Жолболды шөберелес Торғайменен,
Жауына ерегескен болмай келген.
Бұрынғы Қарабастың оқиғасы
Амал жоқ, бұлар жасқа толмай келген.
Бұлардың дәуренінде қиянат жоқ,
Болыпты қаны қарсы ондайлармен.
6. Бабам дегені-Есенкелді. Ақын Доспер Есенкелдінің баласы Қабанбай руынан шыққан адам.
Біреуі біреуіне сүйенеді,
Әр істі кеңеспенен иеледі.
Шақырған Қабанбайдың жұмысына
Топ бастап, Есенкелді жүре берді.
Найманның игі адамы басын қосып,
Батырдың ордасына түнеді енді.
Барлығы қадір тұтып сыйлаған соң,
Еріді елін көріп, сүйегі енді.
Сол жерде бар найманның жақсылары,
Батырмен бірге атқа мінеді енді.
Шақырған адамдармен басын қосып,
Әл болды Абылайдың тілегі енді.
Мақсаты-ата жаумен бір айқасу,
Кеңестің негізгі бір тиегі еді.
Үш жүз боп Ұлытауда бас қосуға,
Бекітіп қарарларын тізеді енді.
Танысып бабамменен хан Абылай,
Ел-жұрттың хал-жағдайын біледі енді.
Сынасып әр жақтылы ақылдасса,
Ішіне айтқан сөзі кіреді енді.
Жарар деп, жолдастыққа баға беріп,
Қосылды екеуінің жүрегі енді.
Абылайдың бір баласы Қасым еді,
Өнері өзге ұлынан басым еді.
Ауылына бабам қонып жатқан күні,
Қасымның ұл туыпты қатыны енді.
Ырымдап Есекеңе қойғызыпты,
Абылай немеренің атын енді.
Саржан мен Есенкелді кітабы бар,
Оқысаңдар, білесің затын енді.
Абылай ордасынан топ тарқады,
Бас қоспақ Ұлытауда боп тарқады.
Ендігі келер жылда басшы адамдар,
Қалмасын әр рудан деп тарқады.
Елді жаудан қорғауға жоспар жасап,
Қысқасы жұрттың қамын жеп тарқады.
Жазында Ұлытауға жүрді тағы,
Кеңесті жүрерінде құрды тағы.
Ұлы жүз, орта жүздің бастықтары,
Барлығы атын ерттеп мінді тағы.
Кеңесте бірге болды Әбілмәмбет7,
Мақсаты, ойлағаны жұрттың қамы.
Жаудан қалай сақтану үшін барған,
Қарайды аузына жанның бәрі.
Әбілмәмбеттің сөзі:
-Ел болмас ережеге кірмегендер,
Қазақтың қатарында жүрмегендер.
Түбінде берекеңді сол бұзады,
Топқа кеп, елдің ісін білмегендер.
Көк тасқа қашап тұрып таңбаңды сал,
Белгі үшін әр руды билегендер.
«Тасқа басқан таңба» деп мақал болсын,
Реттеп қалғандарын кір демеңдер.
Және де Ұлытаудың ұларын ат,
Етін жеп, сол ұлардың қыламыз ант.
«Жеп пе едің Ұлытаудан ұлар етін?»
Дегендей кейінгіге болады салт.
Екі шартты орындап кеңес баста,
Үш жүздің басшылары, деп айтты қарт.
Қабылдап қарттың сөзін бас-басына,
Таңбасын қашап салды көк тасына.
Әр рудың өз таңбасы осы күнде,
Көрсе егер біздікі деп, таппасын ба?
Ұлардың екінші шарт етін асты,
Ойлады ел:-Бұл ұларды несін асты?
-Бұл еттен шыдағаны ауыз тисін,-
Деп, қария сөзінің бетін ашты:
-Бұл жерге келгендерің міндетті боп,
Серттесіп бір-біріңе қылма қасты.
7 Әбілмәмбет-сол кездегі Орта жүз ханы.
Екінші, жаудан жанын аямасқа,
Шартпенен шақырамын келген жасты.
Үшінші, әділетпен іс басқар,-деп,
Қысқаша сөз аяғы тәмамдасты.
Ал енді үш жүз болып ақылдасты,
Кеңесіп пайдалы істі мақұлдасты.
Неше жыл күшін топтап, жатыр қалмақ,
Қазақты шабар кезі жақындасты.
«Қалмақтан бұрын барып шабамыз»,-деп,
Кейбіреу шолақ ойлап шақылдасты.
Қариясы үш жүздің жақтырмады,
Кеңінен жоспар алмай тақымдасты.
Сол кезде Әбілмәмбет былай деді:
-Үш жүзден келген өңкей, батырларым,
Шолақ ойлап қалмаңдар, қапыл бәрің.
Хандығы Жоңғарияның осал емес,
Біліңдер, күшін топтап отырғанын.
Әлі де біз тимесек, ол тимейді,
Жеңесің, амалыңды асырғаның.
Олар да әзірленіп жатыр,-дейді,
Оларды жеңем десең, ақыр,-дейді.
Орыс пенен Қытайдың хандарына,
Алдымен біз салалық ақыл,-дейді.
Бұлармен тату емес Жоңғария,
Түбінде солар бұған татыр,-дейді.
Екі жақта екі ұлы падишаға,
Арқа сүйеу, қазаққа мақұл,-дейді.
Батырлар алуан түрлі кеңес құрып,
Ақыры осы сөзді асыл,-дейді.
Орысқа бармақ болды Кіші жүзден8,
Қытайға бармақ болды кісі бізден.9
Екі хан екі жаққа өзі барсын,
Жолдасын таңдап алсын ішімізден.
8. Сол кезде Кіші жүздің ханы Әбілхайыр болатын.
9. Орта жүздің ханы Абылай болатын.
Тоқтам қып, осы сөзге ел тарқады,
Жиылған Ұлытауға ер тарқады.
Жиылып бүкіл қазақ жоспар жасап,
Бұл жолда көңілдегі шер тарқады.
Қазақтың үш жүз болып жиылғанын,
Ханы естіп, Жоңғарияның жөн тартады.
Бірінен қазақ, қалмақ бірі қорқып,
Безбеннің екі басы тең тартады.
Мирас боп, үлгі сөзі бұрынғының,
Ежелден ел қайғысын ер тартады.
Ал енді сөз бастайын Абылайдан,
Көп сөздің жаза берем бәрін қайдан.
Таңдады серік болар жолдастарын,
Оты бар жүрегінде жалындаған.
Қызайдан Есенкелді батырды ертті,
(Ақылға ақыл қосар адам лепті.)
Ертіпті дөртуілден Төбет биді,
Жолдасты тағы талдап алам,-депті.
Қос сандық, алпыс атанға жүгін артып,
Бейжіңге дәм бұйырса барам,-депті.
Ұлы жүз, орта жүздің адамдары,
Бата бер, жолға салып маған,-депті.
Әуелі Құдай, екінші, сіз ие бол,
Қабанбай, халық аманат саған,-депті.
Абылай жүрмек болды азық артып,
Керекті қаражатқа қазына артып.
Атан түйе, атақты ат жіберіп,
Халыққа аяма деп базына айтып.
Бабам мен Төбет биді таңдап ертті,
Өзгесін өз жұртына таңда, депті.
Әр ру өз ішінде кеңес құрып,
Бір-бірден адам қосты қабілетті.
Қайратты батырлардан ертті бұлар,
Бұзбады ел алдында сертті бұлар.
Қиындық жол азабын жолда тартып,
Бейжіңге алты ай жүріп жетті бұлар.
Дем алып, бірнеше күн тыныққан соң,
Алдына Ежен ханның кепті бұлар.
Қарсы алып келгендерді Ежен хан да,
Мәжіліс бірнеше күн етті бұлар.
Қазақтың жай-жағдайын ұғындырып,
Шығарды көңілдегі дертті бұлар.
Өштесіп қазақ, қалмақ ел шабысқан,
Қан төккен түгел айтты, өртті бұлар.
Жабайы жоңғария шонжарлары-
Білмейді ғылым, білім депті бұлар.
Жеңгеннің желкесіне мініп алар,
Жеңілсе қорқады деп, соқты бұлар.
Мақсатын Ежен ханға түгел айтты,
Қалмақтан алайық деп кекті бұлар.
Ежен де ол тілегін қабыл алып,
Жасады уәделі сертті бұлар.
-Білемін жоңғар солай халық,-деді,
Сөздерің рас, бәрі анық,-деді.
Бірігіп, қазақ түгел аттаныңдар,
Сапардан тура қайтып барып,-деді.
Хандығын Жоңғарияның жоғалтыңдар,
Басына ақырзаман салып,-деді.
Көмекті әр жақтылы біз береміз,
Қарсылас, керегіңді алып,-деді.
Не жеңіп, не жеңілмей құтылмайсың,
Боласың босқа жатсаң ғаріп,-деді.
Жалынын жанған оттың өшірмесе,
Шашырап көлем алар жанып,-деді.
Билетпей байтақ елді, жердің шетін,
Әкесі кім екенін таныт,-деді.
Барады бір жағынан бізден әскер,
Тынысын екі жақтап тарылт,-деді.
Халықтың тыныштығын кетірмей-ақ,
Хандығын Жоңғарияның арылт,-деді.
Сонымен дайындалды қайтуға енді,
Қалмастан мақсаттары айтылды енді.
Бекітіп Ежен патша Абылайды,
Шен беріп, дәрежесін артылтты енді.
Ұсынды Есекеңе асыл көк тас,
Сыйлықтың дәрежесі әр түрлі еді.
Қайтарда Ежен ханның ордасында,
Әр түрлі асыл тағам тартылды енді.
Көрсетті сән-салтанат рияпатта,
Бәрі де ыдыс-аяқ алтын еді.
Алдында падишаның Есенкелді
Бір күліп, бір қызарып алқынды енді.
Хан айтты:-Неге күлдің, Есенкелді?
Жасырмай сырыңды өзің айтшы деді.
Сол кезде ханға жауап берді бабам,
Тарқатты ішіндегі шерді бабам.
Жасында бастан кешкен мехнатты,
Еженге баяндады енді бабам.
Әкесі жаудан өліп, қорлық көрген,
Тарихын бірден санап терді бабам.
Баяғы шешесінің айтқандарын,
Айтуға ыңғайланып келді бабам.
Босқында айтқан бір сөз анам еді,
Сол сөзге, міне, бүгін нанам,-деді.
Жүргенде қашып-пысып жылап едім,
Желкеме бір қойды да:-Балам,-деді,
Ас жейсің алтындаған табақпен бір,
Жаратқан өмір берсе саған,-деді.
Анамның бес жасымда сол айтқаны,
Көрінді, міне, бүгін маған деді.
Бір күліп, бір қызарған себебім сол-
Табақтан таттым алтын тағам,-деді.
Ежен хан мына сөзді аңғарады,
Қазақтың әдетіне таңғалады.
«Әр елде түрі ерекше әдет бар»,-деп
Талай сөз сараланып талданады.
Қайтты енді Абылай хан жолдасымен,
Еженнен сыйлық алып олжасымен.
Қалмақпен соғыспақшы болып қайтты,
өрсеткен Ежен ханның формасымен.
Шен алып бастарына тас тағысып,
Қайтады хандық ұлы өр басымен.
Көп жүріп аман-есен елге келді,
Асқар тау, асыл өзен жерге келді.
Әл болып, барған ісі келгеннен соң,
Шақырды төменгі мен өрдегі елді.
Найманның алапаты асқар белі-
Қабанбай ел қамқоры ер де келді.
«Қалмақтан енді кекті аламыз»,-деп
Қазақтың қам көңілі өрледі енді.
Тағы да қазақ болып бас қосалық,
Жиналып Зайсаң деген жерге,-деді.
Татымды миы болып сарқасқалар,
Отырсын бұл сапарда төрге,-деді.
Тіресу кезеңіне жеттік, міне,
Бас қатыр, ер Қабанбай, сен де,-деді.
Боласың не болса да осы жолы,
Кең жайып, құлашыңды серме,-деді.
Ал енді ата жаумен айқасасың,
Хабар қыл өзің теңдес ерге,-деді.
Зайсаңға қазақ болып басын қосып,
Қасқалар елдің қамын сөйледі енді.
Қазақтың тыныштығын ойламаған,
Жатпайды өлсе тыныш көрде,-деді.
Мақсаты бұл сапарда әскер жию,
Кім батыр, кім білімді елде,-деді.
Ақ туы Қабанбайдың көтерілер,
Астына ұйысыңдар кел де,-деді.
Уақыт мөлшерленіп болған кезде,
Келгенің міндетті бұл елге,-деді.
Осындай бірлік жасап ел тарқады,
Реттеп қызметін бөлмеледі.
Берілген міндеттерге бөлінсе кім,
Орның бар, орындасаң, төрде деді.
Ал енді ер Қабанбай қол жинады,
Қазаққа хабар айтып, мол жинады.
Тағы да қарап жатпай хан Абылай,
Керекті бұл соғысқа қор жинады.
Өзіне ақыл қосып, ес қататын,
Ішінен әр рудың топ жинады.
Бұл жолға лайықты азық-түлік,
Керекті қару-жарақ көп жинады.
Қарарға съездегі қылап қылмай,
Мерзімді уағында ел жинады.
Ту тігіп, тұлпар мініп, әскер бастап,
Атақты әр рудан ер жинады.
Алтыбай, ер Еспенбет, Ақтанберді,
Қол бастап батыр деген атпен келді.
Матайдың бір батыры Шөңкей деген,
Жәнібек қалың керей жақтан келді.
Тағы да қанжығалы ер Бөгенбай,
Білмедім бұлар қайсы жақтан келді.
Бурадан тағы келді ер Қабанбай,
Бәрі де әскер ертіп саппен келді.
Және де Бесентиін, Малайсары,
Мұнымен бірге келді талай сары.
Көрінді бұл жорықтың түрі бөлек,
Бұрынғы мұндай емес жанай салы.
Ұқсамайтын сияқты әдеттегі
Жылқы алып елдің шетін талай салы.
Батырлар қолды бастап жүрді,-дейді,
Ту ұстап, тұлпарына мінді,-дейді.
Қазақтың істеп жатқан әрекетін,
Қалмақ та хабар алып білді,-дейді.
Шыңғыстың бөктеріне қорған салып,
Бұлар да дайындықты қылды,-дейді.
Жабдынып әскері мен батырлары,
Қалың қол сабын түзеп тұрды дейді.
Екі жақ көптен бері күшін жинап,
Соғысты қазақ, қалмақ құрды,-дейді.
Қазақты алғашында жан таптырмай,
Шейіт қып талай жанды қырды,-дейді.
Қазақ жақ қанша қайрат етсе дағы,
Қорқыныш ойларына кірді,-дейді.
Тауаны алғашында қайтып қалып,344
Ішінен хан Абылай тынды,-дейді.
Бәріне көпшіліктің білдірместен,
Айтады бастықтарға сырды,-дейді.
Қайрат қып, қайсы батыр қамал бұзса,
Ел даңқын көтереді-туды,-дейді.
Сөзіне Абылайдың қарап тұрып,
Қабанбай, ер Еспенбет күлді,-дейді.
Абылай екі ерге:-Жарыс,-депті,
Қорғаны берік жаудың алыс,-депті.
Қабанбай қасиетің бар еді ғой,
Талқандап тасташы бір жарып,-депті.
Ал енді барам десең кешікпей бар,
Бойыңа Ғайып пірің қонсын,-депті.
Бір Алла, Абылай ғып жаратып ең,
Жолдарың, екі батыр, болсын,-депті.
Бұзбақшы болды бұлар қамалды енді,
Сайлады ақыл, қайрат амалды енді.
Киініп сауыт-сайман әзірленіп,
Екеуі жан пидаға жүрді дейді.
Жабдығын жауға керек тізді дейді,
«Анамыз ұл деп тапқан бізді»,-дейді.
Қайраттанып перісі бойға түсіп,
Қызарып екі көзі қызды дейді.
Жау жабылып қарсылық істесе де,
Қамалды талқан етіп бұзды дейді.
Бұзатын бір әдісті тапты батыр,
Бұзғанда айғайлады қатты батыр.
Неше мың болса дағы кейінгі әскер,
Қаптады «Қабанбайлап» артқы батыр.
Ішіне қамалының кіргеннен соң,
Қамалдан қан дариясы ағып жатыр.
Қысқасы, қазақ жеңіп қалмақты алды,
Қабанбай хандай болып ардақталды.
Абылай Қабанбайды «хан» деп қақты,
Қымбатты Еспенбетке тонын жапты.
Бұл соғыс мұныменен тынбайды енді,
Тағы да тұзағы бар әр жақтағы.
Бір сапар жеңіске сол жеткенменен,
Бұл істің арты алуан тармақталды.
Бірақ та қытайменен біріккен соң,
Қазақтың осал емес салмақтары.
Неше ата моңғұл халқы торғауытпен,
Қазақты екі орайтын салмақ тағы.
Қалмаққа келді сойқан таяуланып,
Қайғырды қам көңілі қаяуланып.
Көрсеткен ғасыр бойы кегін алып,
Қайтқанын батырлардың баяндалық.
Қисапсыз мал, дүние былай тұрсын,
Қайтыпты қыз-келіншек, әйелді алып.
Сол жолда алып келген аналардан,
Көктеді өсіп-өніп талай халық.
Келген соң, ел шетіне хан Абылай,
Тарқамай тағы да ақыл қорытты енді.
Тастамай ренжітіп батыр бәрін,
Олжасын үлестіріп бөліп берді.
Батырлар елдің қамын сөйлегенде,
Қазақтың сай-сүйегін ерітті енді.
Тағы бар алдымызда талай асу,
Қойыңдар бір жолғыға желіккенді.
Сай тұрсын ат-тұрманың, жау-жарағың,
Кейінгі жолда көрсет ерлікті енді.
Бұл жолда әрең жаудың бетін бұрдық,
Әлі де алғамыз жоқ теңдікті енді.
Хандығы Жоңғарияның біткен күні,
Аласың сонда, қазақ, теңдікті енді.
Тағы да батырларға ерік берді,
Бәріне еңбегінен бөліп берді.
Сол жерде ер Бөгенбай қалжың айтып:
«Қабанбай хан болуы керек»,-деді.
Абылай Бұқар деген жырауға сап:
-Бересің бұған жауап не деп?-деді.
Баға бер батырларға іркілместен,
Айтқаның сенің тура келед,-деді.
Хан демей, батыр демей, расын айт,
Түбінде бәрін шындық жеңед деді.
Сонда Бұқар жыраудың айтқаны:
-Сен, Абылай, Абылай,
Түркістаннан келген ұл едің.
Ұлы жүзге келген соң,
Түліктей болып түледің.
Басында сен байлардың,
Түйесін баққан құл едің.
Дәулет қонып басыңа,
Бақ дүниеге тірелдің.
Хан боп, жайқап, бұл күнде,
Ақ сұңқардай түледің.
Сен, қанжығалы Бөгенбай,
Тақымың кеппес ұры едің.
Қай жерден олжа түсер деп,
Түн қатып жаңа жүр едің.
Қабанбайдан бұрын найзаңды,
Жауға қашан тіредің?!
Ел әзілмен күлісті,
-Айтты,-деп,-тауып бұл істі.
Жауды жеңіп алған соң,
Елге қарай жүрісті.
Келістіріп ата жаудан кегін алды,
Қалыңсыз, қатын-қызды тегін алды.
Ел бейбіт, жау бетінен жер таза боп,
Осымен уақыттық демін алды.
Жабдынып жау жарағын, күшін жиып,
Атының бір-екі жыл ерін алды.
Ығысып бір-бірінен жылжи көшіп,
Иесіз екі ортаның жері қалды.
Сол кезде Құлжа шәрі пайда болып,
Шығыстан қытай әскер әкеліп алды.
Абылайдың Ежен ханмен тоқтамы сол,
Шығысып қазақпенен сеніп алды.
Келсін де қытай әскер жата тұрсын,
Қазақтың соғысының кемі қалды.
Қазақтар екінші жыл жиылысты,
Көреміз қамданбасақ қиын істі.
Тағы да бір соғысар кезі келді,
Ізденіп өшіккен ел қырылысты.
Қалмақтан бес мың әскер аттанады,
Бар күшін бір-ақ салып ақтарады.
Қазақтар қалмақтарға қарсы тұрып,
Олар да өз борышын атқарады.
Тауына Қоңыр шәулі келгенінде,
Қалмақтың ізін көріп тоқталады.
Біз кетсек, бұлар елді шабады деп,
Сол жерде ақылдасып, топталады.
Айқаспақ екі жағы жол ортада,
Жерге енді жеңілгені тапталады.
Қалмақтың жатқан жерін біліп келу,-
Міндетін Шөңкей батыр басқа алады.
Көрініс беріп, қайта қашпақ болды,
Бір жүйрік топтан таңдап, атты алады.
Түнімен жүріп, Шөңкей жауды тапты,
Төбесін бір көрсетіп, қайта қашты.
«Еліне хабар берер ұстаймыз»,-деп,
Қалмақтар атқа мініп тұра шапты.
Жол тосып жасырынып, жата беріп,
Келгенін қазақ бірден бас салады.
Алдының не болғанын білмейді енді,
Бұрылуға шамасы келмейді енді.
Арты келіп болғанша, алды бітіп,
Өлігі кешке дейін төбе болды.
Неше мың болса дағы қырды дейді,
Бәрін де жермен-жексен қылды дейді.
Боялып жердің беті қызыл қанға,
Бір де бір тіл жібермей, ілді дейді.
Бастығы торғауыттың Қандыжап хан
Ол да өліп, осы жолда тынды дейді.
Бір төре, тоғыз қазақ шейіт бопты,
Түгендеп өлгендерін білді дейді.
Қайтеді қарсыласар қаруы жоқ,
Иен ел «өзің біл»,-деп тұрды дейді.
Еріксіз қыз-келіншегін таңдап жүріп,
Еркінше малмен бірге алды дейді.
Заманда жаугершілік ата-анадан,
Айрылып кім болмаған зарлы дейді.
Олжалап қалмақ бұрын алып кеткен,
Бірнеше танып алды жанды дейді.
Бір қызы Қандыжаптың Шаған деген,
Он бесте туған айдай жамалы еді.
Билікті келелі іске сол айтатын,
Білімді ел-жұртына бағалы еді.
Шағанды батыр Барақ төре алды,
Тимеске бар ма мұның амалы енді?
Шапқан жері Үржар мен Еміл еді,
Қайтеді шабылған соң еңіреді.
Ілгергі болып өткен бір шабынды,
Ырысты Шұға дейтін жері еді.
Қандыжап ханды елімен жайғастырып,
Батырлар қайтып келді еліне енді.
Қазақтың қалмақтардан амалы асып,
Осымен Жоңғария жеңіледі.
Абылай хан атымен мәлім болып,
Еженге расымен беріледі.
Ілеге сонда Доржы дарын екен,
Бітімге бұйрықпенен барыпты екен.
Мың әскер Аякөзге ертіп барған,
Ақылды бір кемеңгер сарынды екен.
Елдесуге екі мың қалмақ келді,
Бітпесе, көретіні шабынды екен.
Қазақтан мың кісімен барды Абылай,
Бәрі де жолдасының шалымды екен.
Танысты қара Доржы Абылаймен,
Еженнің барғанында жанында екен.
Қалмақты қазақпенен шығыстырып,
Жұңгоға бағындырмақ бәрін бекем.
Өзгеше бұл съездің бағасы еді,
Көрілмек көп істердің шарасы еді.
Осылай қазақ, қалмақ татуласты,
Мың жеті жүз елу жыл шамасы еді.
Аякөзге құятын бір бұлақта,
Жиын орны-лай су жағасы еді.
Қызай елі үй тігіп қызмет қылған,
Съезге жақын ауыл, жанасы еді,
Ғасыр бойы шулатқан азан-қазан,
Тоқтады қазақ, қалмақ таласы енді.
Көк қасқа айғыр сойып қазақ халқы,
Жазылды көңілдегі жарасы енді.
Екі жақ қолын қанға матырысты,
Бұрынғы қумаймыз деп қапыл істі.
Екінші бір-біріне қас қылмасқа,
Серттесіп қызыл қанмен ант қылысты.
Ғасырдан ғасыр бойы қан төгістік,
Көрелік мұнан былай жан тынышты.
Лай суға ат қойды «Әмірсу» деп,
Ел енді жадырап бір ал тынысты.
Ат қойды лай суға «Әмірсу» деп,
Жақсылық Әмірсудан табылсын деп.
Жұңгоға:-Жоңғария бағынсын,-деп,
Съезді тоқтатыпты жабылсын,-деп.
Осы істің барлығында бабам да бар,
Жайылған аңыздағы хабар да бар.
Ержеткен бұл уақытта балалары-
Кененбай, Қабанбай мен Маман да бар.
Қызайдың бас көтерер батырлары,
Тарихи әрбір үлкен тарауда бар.
Дәлелі осы күнде ел ішінде,
Жорықтан алып келген адам да бар.
Бабамнан бері көп жыл өтсе дағы,
Хан берген тас қазіргі заманда бар.
Дұғамыз әруағына тие берсін,
Өлмеген асыл ұрпақ анам да бар.
Жұңгоға Қызай келген бабам бастап,
Тауарих Хамсадағы10 хабар да бар.
Жұңгоға сол жыл келген Қызай қарап,
Келеді содан бері ұдай қарап.
Бақытты, бейбіт, тыныш тұрмыс өтті,
Келгендей Қызыр бастап, Құдай қалап.
Бітімге қазақ, қалмақ қуануда,
Көзінен жас тыйылып уануда.
Дөртуыл Қызайменен бірге өткен,
Тағы да ұлы жүздің суаны да.
Қытайға осы үш ру ел қарады,
Сол кезгі бітім шарттың уағында.
Сол жылы Аякөзден көшті қызай,
Үкіметтің солай ма екен планы да.
Қырық жыл жайлап, қыстап отырыпты,
Мекендеп Тарбағатай тұрағында.
Барлық пен суан келді Емілге енді,
Көп емес, бір ру ел жеңіл келді.
Дөртуыл қай араға отырғаны,
Тарихтан іздесем де көрілмеді.
Мекендеп бірнеше жыл осы араны,
Ілеге суан көшер кезі келді.
«Суан көшсе, орнын аламыз»,-деп,
Құлағын тігіп, қызай көңіл бөлді.
Сонымен қотарыла бір күндері,
Ілеге суан көшті өңірдегі.
Бос қалды босқын елден шұрайлы жер,
Орнын қызай алды көңілдегі.
Тоқта-Барлық, Қарашыға осы кезде,
Қызайдың іргетасы көмілді енді.
Артынан байғана мен тоқпақ келіп,
Көп жылдар бірге өткізді өмірді енді.
Қазақтан сол мезгілде кәрі кетті,
Бұрынғы басты адамның бәрі кетті.
10. «Тауарих Хамсаның» 463-бетінде осы тарихи шындық жазылған екен.
Абылай өлгеннен соң, хандықтың да,
Баяғы ерлігі жоқ, сәні кетті.
Сол кезде Рүстемдей төре шықты,
Үйсін мен ер найманды бөле шықты.
Орысқа ел жамандап, шен алмақ боп,
Найманға қарсы тұрып, өре шықты.
Үйсінге көшіп барған садыр, матай,
Солардың жазасын да бере шықты.
Жамандап үкіметке ел бүлдіріп,
Рүстем сұмдық сайлап, көре шықты.
Бір күні найман жақты шақырады,
Қастығын қалтарысқа жасырады.
Тай сойып қонағына қой орнына,
Қулықпен сый-сияпатын асырады.
Қонағы жиырма неше адам екен,
Ұйқыда түгел қырып басын алды.
Адамын атқамінер қырып тастап,
Матайды садырменен шаптырады.
Мал-мүлік, қатын-қызын олжа қылып,
Қалғанын өз еліне қашырады.
Осылай қонақ қырып, көрші шауып,
Атының аяғымен бастырады.
Іргелес Шу өзені бойында еді,
Тұйықсыз жақын жерден қас қылады.
Орнатып заманақыр бастарына,
Жүрегін қан, көздерін жас қылады.
Найманның сүйегінен өтті бұл іс,
Қалайша бұл Рүстем асқынады.
Ал енді найман болып кеңеседі,
Жиылып кеңескенде не деседі?
Кешегі өткен батырлар заманында,
Маңайға жау жақындап келмес еді.
Жас болса да халыққа бас болғандай,
Найманның батыр Барақ төресі еді.
Сол кезде жасы келген он тоғызға,
Жігіттей отыздағы денесі еді.
Кешегі жақсы атаның ұрпағы деп,
Көтеріп ақ киізге сөйлеседі.
Үйсіннің жолы сонда болар еді,
Ұлытаудан ұлар етін жемесе еді.
Барақ айтты:-Үйсіннен кек аламыз,
Әруағы ата-бабам жебесе еді.
Дүр етіп, сол жерде ел бата берді,
Тигендей болып көкке төбесі енді.
Найманнан үш мың әскер жиып алып,
Алдында жүрді Барақ келесі енді.
Жабдынып бір жыл ұдай жүрді найман,
Күні бар астамшының көресі енді.
Түйеге қамыс теңдеп өтіпті әскер,
Іленің жоқ болса да кемесі енді.
Іленің өзенінен өткенінде,
Дүңгеннен Бөр батырды соңына ертті.
Бу беріп қарсылармен егестіріп,
Қызайды жұмылдырып тобына ертті.
Бірлесіп тату-тәтті қосын құрып,
Қосылып ұйғырларың, о да кетті.
Мың сегіз жүз алпыс үш жыл кезінде,
Бар қызай Қара сұлтан қолына өтті.
Сол кезде әр жағынан көшіп келіп,
Біраз жыл Бұраталаны мекен етті.
Үй басы бір тақия тары салып,
Ең алғаш Қаракемерге егін екті.
Бекініп мал ұрлаған бұлап-талап,
Тоқпаққа ар жақтағы кегі кетті.
Сұрапты Қара сұлтан сегіз-ақ жыл,
Сонан соң орыс алар жөні кепті.
Ілені бір түнде кеп, басып алып,
Қайтерін біле алмастан жөні кетті.
Алматыдан генерал Калпаковски11,
Екі жүз әскерімен бірге жетті.
Бағынды Қара сұлтан тілге келмей,
Іленің орысқа өтіп, жері кетті.
Қайтеді барар жері болмаған соң,
Қызайдың бірге қарап, елі кетті.
Жаңа ұлық генералға жолығуға,
11. 1871 жылы 6-айда Патшалық Ресейдің Жетісудағы командирі генерал Колпаковский тұйықсыз Ілені басып алып, он жыл үстемдік жүргізген.
Қызайдың жұрт бастығы-ері кетті.
Қарсы алып келгендерін генерал да,
Бір рет амандасып, көріп өтті.
Кісідей көңілінде кінәмі бар,
Қызайға бір сұрауды беріп өтті.
Орыстың генералы Калпаковски,
Көрсетті сұрауында мыналарды:
-Қытайды қалап Қызай кетіп едің,
-Таптым,-деп,-басы биік мұнараны.
Мінеки, нәсіп болып қайтып келдің,
Қайсысы жақсы екен,-деп сұрау салды.
Байболат тұрды сонда орынынан.
Кекеген сескенбеді порымынан.
Тартынбай сұрауына жауап берді,
«Қытайдың май ағад,-деп,-қойынынан».
Шапаны жануарлардың кең, енді екен,
Қолтығы қолқылдаған көлемді екен.
Кең етек қайта пішсең бір шапанын,
Басқаға екі шапан келеді екен.
Орыстың тым тапшы екен тар мешпеті,
Екеуін бір шапанға теңер ме екем?
Қытайдың бір мешпетін екеу киген,
Орысқа осы дағы өнер ме екен?
Тастаған сұрауыңа жауап осы,
Сөзімді, тақсыр, дұрыс көрер ме екен?
Генерал сырт айналып, үндемеді,
Немесе ашу қылып «мін», демеді.
Бұл жолы осыменен қайтысыпты,
Міндеттеп тапсырмапты бірдемені.
Орысқа қызай қарап он жыл тұрды,
Демейді онан артық мол жыл тұрды.
Орыстың қытайменен шекарасы,
Бөлініп тоқтам болып, сол жыл тынды.
Өзара екі патша сеніседі,
Шарасын әрбір істің көріседі.
Сондағы екі елдің тоқтамымен,
Қазіргі шекараны бөліседі.
Сызығы жер шегінің жақындықтан,
Жұңгоға қызай қайтып келіседі.
Ілеге сонан кейін көшіп келіп,
Іргесін орын алып, көміседі.
Мың сегіз жүз тоқсанның тоғызында,
Реттеп тарихтардан көріседі.
Қас, Күнес, Текес пен Көкқамырдан,
Еркінше алды Қызай қоныс енді.
Бейжіңнен Жаң -Жұң деген ұлық келді,
Аймақтың бастығы екен онысы енді.
Бәйеке, Сасан, Боқаш ел қамқоры,
Сайлапты үш кісіні болыс енді.
Төре боп Құдайменде қасиетті,
Үстінде үш болыстың сол кісі еді.
Бәйеке, Сасан, Боқаш, Құдайменде,
Жоқ дейді мансаптысы бұдан өзге.
Осылар елдің қамын ойлаған соң,
Қарапты қызай елі айтқан сөзге.
Жұрт бағып, бастығы елді қорғап,
Дәулеті жылдан-жылға өсті дейді.
Құлашын қызай өрге сермепті енді,
Істепті мал шаруаға еңбекті енді.
Атанып Іледегі қызай қазақ,
Шиңжаңда халық бопты көрнекті енді.
Бастығы елдің қамын ойлаған соң,
Жұрт байып, еш кемшілік көрмепті енді.
Ілеге ата-бабам ырым қылып,
Жері деп «жеті әулие» атап келді.
Текес, Күнес, Қас пенен Көкқамырға,
Мал сыймай өсіп-өніп жата берді.
Жетім ұл, жесір қатын мың қой айдап,
Еріне елі алқап, бата берді.
Бақ қонып, Қызыр дарып бай болыпты,
Көңілі байлықпенен жай болыпты.
Қызайдың алды айдапты бес мың жылқы,
Қысқасы төрт түлігі сай болыпты. 355
Заң Баңнан12 алып келген сандығымен,
Ішкені божу менен шай болыпты.
Ырысқа бас-аяғы бірдей болып,
Ішінде кедейі жоқ-бай болыпты.
Тай сойып қонағына қой орнына,
Мақтанып қонақ күту салт болыпты.
Бақташы өз ішінен табылмайды,
Табылса, сырттан келіп мал бағыпты.
Ілеге төккен қызай қорды дейді,
Құт болды өрістегі орны дейді.
Есепсіз төрт түлік мал өрістегі,
Кенедей кемдігі жоқ толды дейді.
Әр нәрсе қалыбынан асқаннан соң,
Шайқалып төгілер кез келді дейді.
Бақталас, рушылдық деген қырсық,
Қызайға да қоғамнан қонды дейді.
Мансапты, нарықты қып пұлға сатып,
Еліртті үкімет те елді дейді.
Мансапқа сатты қызай малды аямай,
Үкімет көрсеткен соң жолды дейді.
Қоғамы тас қараңғы, надан халық,
Дәуірдің ағымына ерді дейді.
Тағы да қазынадан сауда беріп,
Қайнатты қарыздар қып, сорды дейді.
Басынан өсімі артық неше есе,
«Шығын» деп, ізі жоқты салды дейді.
Май ақша осыменен қойға шағып,
Жүзден қой осыменен алды дейді.
Жаз шықса үй тіккізіп, сойыс жинап,
Желкеге жыртқыш залым мінді дейді.
Тыным жоқ ала жаздай шабуылда,
Қиындық тағат таппай көрді дейді.
Десіпті бұл не деген заман болды-
«Қанды сорып, терісін іремеген?»
Мал берсе, алушы ұлық жаратпады,
Бақыртып алып соғып дүрелеген.
12. Заң Бан деп Шизаңды айтады.
Торыққан қазақ ат пен жамбы тартса,
Сонда алып берген малын жүре берген.
Таласып келеді екен шалғайдан ел,
Жер бар деп мал табатын Іле деген.
Өз малын пәре беріп өткізеді,
Бермесе, қиын азап шектіреді.
Алушыға жамбы мен ат тартпаса,
Таяқты сүйегіне жеткізеді.
Сатып берген мансабын қайтып алып,
Иттей қып кісілігін кеткізеді.
Аңшының итіндей қып шабарманын,
Артынан ырылдатып ерткізеді.
Жолықты енді Қызай қайғы-зарға,
Қайтсе де қылған ісі баспады алға.
Халықтың хал-жағдайы нашарлады,
Басқадай кәсібі жоқ, сенген малға.
Бұрынғы мың қойы бар бай баласы,
Айына серкеш алып, жүрді жалға.
Тағы да кедейліктен жан баға алмай,
Амал жоқ қызды сатты кәрі шалға.
Не оқу, не өнер, не кәсіп жоқ,
Бейне бір ұқсап кетті таудағы аңға.
Мың тоғыз жүз қырқыншы жылға дейін,
Аз қалды жер бетінде көрмегені.
Өткендей жақсы тұрмыс бола ма деп,
Қызайдың еңіреумен шөлдегені.
Гоминдаң азаппенен қинағаны,
Өз жанын халықты езіп сыйлағаны.
Бейне аққан дарияға топырақтай,
Халықтың қолдан кетті жинағаны.
Біз дағы шет жағасын көріп қалдық,
Көзге тура-көңілге сыймағаны.
Аяғына жазыңдар білгендерің,
Тарихта болып жатыр сыйлар әлі...